Түлкібаста өткен саятшылар мерекесі келешекте халықаралық деңгейге көтерілмек

ТҮРКІСТАН.ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан облысы Түлкібас ауданында өткен Салбурын саятшылар фестивалі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында қазақы танымда Жеті қазынаның бірі саналатын жылқыға ерекше тоқталған болатын. Осыған орай, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен ұлттық құндылықтар мен туризмді дамытуға арналған шаралар жоспарының бірі ретінде "Салбурын мереке ғой саятшыға" деген атаумен фестиваль тау етегіндегі Жабағылы ауылында өтті.

Түп-тамырымызға үңіліп, сана түкпіріндегі ұлттық рухты ояту мақсатында ұйымдастырылған шара аясында қонақтар бүркіт, тазылардың аң алу және жамбы ату көріністеріне тәнті болды. Шара соңында саятшылар сайысының қорытындысы шығарылды. Мерекеде әр сайыстың түріне байланысты бағы жанғандардың мерейі үстем болып, бірқатар құсбегілер мен тазы баптаушылар марапатқа ие болды. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Биылғы фестивальдің бір ерекшелігі, Елбасымыздың биылғы жылды Жастар жылы деп жариялауына орай шараға Түркістан облысымен қатар шетелден де жастар келіп қатысты. «Салбурын мереке ғой саятшыға» фестивалі осылайша келешекте республикалық, халықаралық деңгейге көтерілмек. Түркі тілдес мемлекеттердің ортақ бренді әрі дәстүрлі мерекесіне айналмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Түлкібас ауданында "Салбурын мереке ғой саятшыға" атты фестиваль басталғанын хабарлаған болатынбыз. Халықаралық деңгейде өткен шараға өңірдің қала-аудандарындағы саятшылардың 15 бүркіт, 16 тазысы қатыстырылуда. Ұйымдастырушылардың сөзінше, осындай іс-шараларды өткізу жылдан-жылға өз нәтижесін беруде.

Мәселен, былтыр Түркістан облысына алыс-жақын шет мемлекеттерден келушілер саны 7,7 пайызға артқан. Бір ғана Түркістан қаласына 1 миллионнан астам турист табан тіресе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр.

Соңғы жаңалықтар