Тұмау қаупі күшейді: Моңғолияда ел бойынша қашықтан оқыту енгізілуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия премьер-министрі Гомбожавын Занданшатар бүгін Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім министрлігінің өкілдерімен кездесіп, мектептегі демалысты мерзімінен бұрын бастау жөніндегі мәселені талқылады, деп хабарлайды Монцамэ.

Тұмау қаупі күшейді: Моңғолияда ел бойынша қашықтан оқыту енгізілуі мүмкін
Фото: montsame.mn

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілдері ұлттық тәуекел бағалауын таныстырып, биыл 15 желтоқсанға қарай тұмау мен тұмауға ұқсас аурулардың өршіп тұрғанын хабарлады. Осыған байланысты бастауыш сыныптарда демалысты жоспарланған мерзімнен 14 күн бұрын жариялау немесе қашықтан оқытуға көшу ұсынылды. Алайда Білім министрлігі бұл ұсынысты бірден қабылдай алмайтынын атап өтті.

Тараптардың пікірін тыңдаған премьер-министр Занданшатар барлық деңгейде инфекциядан қорғану тәртібі мен шараларын бірінші кезекте қамтамасыз етуді тапсырды. 

— Осы аптада барлық деңгейдегі ұйымдар профилактикалық шараларды жауапкершілікпен қабылдауы тиіс. Егер сырқаттану деңгейі төмендесе, демалыс жоспар бойынша басталады. Ал егер сырқаттану деңгейі төмендемей, өсе берсе, келесі жеті күн ішінде оқу қашықтан жүргізілуі керек, — деді Премьер-министр.

Премьер-министр сондай-ақ Білім министрлігіне, егер оқу онлайн-режимге ауысса, білім беру процесінің сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Цифрлық даму, инновациялар және коммуникациялар министрлігімен және мобильді байланыс операторларымен бірлесіп жұмыс істеуді тапсырды.

Кездесу барысында премьер-министр азаматтарды дүрліктірмеу керектігін баса айтты.

— Ең бастысы азаматтарды дүрліктірмеу, оларды дұрыс ұйымдастыру және ауруханаларға түсетін жүктемені шұғыл түрде азайту. Азаматтарға жедел қызмет көрсетіңіздер, онлайн қабылдауға жазылуды, кеңес беру үшін жедел желілерді пайдаланыңыздар. Дәрігер қабылдауын ұзақ күту мәселесін шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігіне қабылдау пункттерін ашу қажеттігін ерекше ескерткім келеді, — деді ол.

Айта кетелік Қостанайда барлық мектеп қашықтан оқитын болды

Соңғы жаңалықтар