Түнгі құрғақ жөтел қатерлі ісіктің белгісі болуы мүмкін – онколог
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Онкологиялық ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым ем нәтиже беріп, тәуір болу ықтималдығы артады. Бұл – өкпенің қатерлі ісігіне де қатысты. Солтүстік Қазақстан облысы көпбейінді аурухана онкологиялық орталықтың блок жетекшісі Жігер Дүйсенов өкпе обырының белгілері, қауіп факторлары жайында айтып берді.
Өкпенің қатерлі ісігі онкологиялық аурулардың ішінде жиі кездесетін дерттердің бірі. Орталықтың онкологиялық блок жетекшісі Жігер Дүйсеновтің айтуынша, қазіргі уақытта СҚО-да 449 адам диспансерлік есепте тұр. Тек былтыр 200-ге жуық сырқатқа алғаш рет осы диагноз қойылған. Обыр анықталған пациенттердің шамамен төрттен бір бөлігі - әйел. Негізінен жасы 50-ден асқан ер адамдар шалдығады.
«Өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтау өте маңызды. Бұл обырды емдеу нәтижелерін жақсартудың ең тиімді жолы. Сондықтан онкологиялық ауруға кім шалдығады, кім қауіп-қатер тобына кіреді, алдымен осы сұраққа жауап берсем – тізімнің басында темекі шегушілер тұр. Қатерлі ісіктің дамуына әкелетін даусыз фактор - темекі түтінінің канцерогендері, онымен байланыс неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым көп тін зақымдалады, сондықтан қатерлі ісік қаупі соғұрлым жоғары болады.
Екінші кезекте өндірістік зияндармен, атап айтқанда өкпе ісігін тудыратын канцерогендермен байланысты кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдар және өкпенің созылмалы аурулары - пневмония, туберкулез, пневмосклероз, силикоз және т. б. бар адамдар жиі ауырады.
Бұл адамдар өздеріне ерекше назар аударуы керек. Яғни мен атаған топтардың біреуіне немесе бірнешеуіне жататын адамдардың шұғыл, бүгін, дәл қазір темекіні тастау қажеттігі айтпаса да түсінікті. Оның түтіні айналадағы жақындарына да зиян. Өмірінде шылым тартып көрмеген әйелдің күйеуі шылым шегетін болса, ол да қатер тобына кіреді.
Сондай-ақ зиянды өндірістерде еңбекті қорғау ережелерін сақтауы тиіс. Бұдан бөлек тәуекел тобына кіретіндер жылына 1-2 рет өкпенің профилактикалық рентгендік зерттеуін жүргізуі қажет.
Мұндай сақтық өкпенің қатерлі ісігін ерте анықтауға бағытталған. Нәтижесінде ем жақсы қонып, науқастың жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Ісікті дамудың ерте сатысында анықтау - онкологтардың маңызды міндеттерінің бірі», - дейді Жігер Дүйсенов.
Өкпенің қатерлі ісігінің белгілері аурудың сатысына байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ әдетте олар біркелкі болады.
«Уақыт өтсе де кетпей, қайта күшейе түскен тұрақты жөтел, соның ішінде түнгі құрғақ жөтел. Сілекей мен қақырықта қанның пайда болуы, тыныс алудың қиындауы немесе ентігу. Кеуде тұсының тұрақты түрде ауыруы, тәбеттің төмендеп, салмақтың жоғалуы. Шаршау және жалпы әлсіздіктің болуы. Дене қызуының жоғарылауы. Мұндайда дереу дәрігерге көрінген жөн. Өкпенің қатерлі ісігі асқынған жағдайда – дауыс қарлығады, жүрек немесе қол аймағында ауырсыну пайда болады, бет ісініп, көгілдір реңкке боялады, сондай-ақ, мойынның, қолдың немесе кеуде қуысы тамырлары ісінеді», - дейді онколог.
Маманның айтуынша, өкпенің қатерлі ісігін өкпенің басқа ауруларынан ажырататын ерекше және нақты белгілері жоқ. Сонымен қатар, симптомдардың «жиынтығы» ісіктің өкпенің қай жерінде орналасқанына байланысты. Мысалы, өкпенің орталық бөлігінде, бронхта ісік пайда болған жағдайда көбінесе түнде емдеуге келмейтін құрғақ жөтел қысып, қан түйіршіктері бар қақырық түседі. Сырқат ентігіп, кеуде тұсы ауырады.
Перифериялық қатерлі ісік, керісінше, ұзақ уақыт бойы асимптоматикалық түрде өтеді. Сондықтан 60-80% жағдайда ол тек флюорография арқылы ғана анықталады. Жөтел, ентігу және гемоптиз пайда болған жағдайда – бұл оның асқынған түрі, ісіктің үлкен бронхқа жайылғанын көрсетеді.
Перифериялық қатерлі ісік пайда болғанда сырқаттардың 20-50% ерте кезеңдерде ауырсыну байқалады, бірақ ауру әдетте тез басылады, сондықтан сырқат қатты мазаламағандықтан дәрігерге көріне қоймайды.
«Менің айтайын дегенім, адам тәуекел тобына жатса, ол жақсы жағдайына қарамастан, жылына 1-2 рет тексерістен өткені жөн. Қандай да бір белгілері болса, бірден дәрігерге қаралғаны абзал. Қатер тобына кірмесе, өкпесіне қатысты кез-келген шағым пайда болған кезде дереу дәрігерге қаралу керек», - дейді Жігер Дүйсенов.
Дәрігердің айтуынша, өкпенің қатерлі ісігі де көптеген басқа онкологиялық аурулар сияқты, хирургиялық жолмен, сәуле арқылы және препараттармен емделеді.
«Өкпенің қатерлі ісігінде хирургиялық әдіс ең тиімдісі болып саналады, атап айтқанда, метастаздар болмаған кезде ісікті толығымен алып тастайтын радикалды хирургия. Қазіргі уақытта 70 жастан асқан науқастарға да оталар еш қиындықсыз жиі жасалатын болған. Десек те, сәулелік және химиотерапияның өкпенің қатерлі ісігін емдеуде де маңыз зор. Оларды хирургиялық әдіспен бірге қолдану емдеу нәтижелерін айтарлықтай жақсартады. Өкпе қатерлі ісігінің, әсіресе дәрілік және сәулелік емге сезімтал түрлері бар. Ең бастысы – ауруды асқындырмай, онкологпен емді ерте сатысында бастап кету», - дейді Жігер Дүйсенов.