Түнгі ұрлық адам өлімімен аяқталды: Павлодарда сот үкімі жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты тұрғын үйге заңсыз кіріп, адам өлтірді деп айыпталған Е.-ге қатысты істі қарады.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың шілде айында сотталушы Павлодар облысы Заря ауылы тұрғынының үйіне заңсыз кірген. Кейін түнгі уақытта бөтен мүлікті ұрлау мақсатында тағы бір үйдің ауласына өткен. Үй иесі оны байқап қалған соң, Е. пышақ қолданып, үй иесін қасақана өлтірген.
Қылмыстан кейін ол ізін жасыру үшін кейбір заттарды өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен.
Прокурор соттан Е.-ге қылмыстар жиынтығы бойынша 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Ал сотталушы мен оның қорғаушысы тұрғын үйге заңсыз кіру бабы бойынша ақтауды, ал адам өлтіру бабы бойынша ең төменгі жаза беруді өтінді.
Жәбірленуші тарап сотталушыны бас бостандығынан айыруды талап етті.
— Сот сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен және оның өз кінәсін мойындауымен дәлелденгенін атап өтті. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның бұрын сотталмағаны, кінәсін мойындап, өкінуі ескерілді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Нәтижесінде сот Е.-ні кінәлі деп танып, қылмыстарды біріктіру арқылы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Екібастұзда бір адамды өлтіріп, екіншісіне пышақ жарақатын салған әйел ұсталғанын жазғанбыз.