Тұңғиықтағы тылсым тарих

Жергілікті өлкетанушылар мемлекеттік «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында су қоймасының айналасы тереңірек зерттелсе деген ұсыныс айтуда. Қазір Шардара су қоймасының жағасында алып бір үлкен қалашықтың орны табылғандай. Бұл жерлерде әртүрлі көне жәдігерлер, қыш құмыралардың сынықтары, тіпті, адамның сүйектеріне дейін шашылып жатыр. Жергілікті өлкетанушы ғалымдардың айтуынша, бұл жерде 1958-1963 жылдар арасында Мәскеу ғалымдары экспедициялық жұмыстар жүргізген. Бірақ ол аяқсыз қалған. Бұл жерде ежелгі өркениеттің, көне қаланың ізі бар екендігі 1958 жылы анықталған. Сол жылы Кеңес үкіметінің шөл даланы игеру саясатына байланысты Шардара су қоймасының құрылысы басталып, 1963 жылға дейін Сырдария өзені ортаңғы ағысының жоғарғы бөлігінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді.
«Біздің өңірімізге Мәскеуден, Алматыдан келген археологтардің пікірінше, бұл өңір - көне түркі тайпаларының мекені. Сіздермен бірге Ақтөбе-2 қалашығының орнында, яғни қазіргі уақытта Шардара су қоймасының астында қалған тарихи нысанда тұрмыз», - дейді Шардара аудандық өлкетану мұражайының меңгерушісі Нұрлан Смаилов.
Қазба жұмыстары нәтижесінде бұл өңірде біздің заманымыздың IV-XIII ғасырларында өмір сүрген Ақтөбе І, Жаушықұм қалашықтары және І ғасырдың басы мен IV ғасырға жататын Ақтөбе ІІ мекені анықталды.Тастардың барлығы аппақ. Ақтөбе атауы осыған байланысты қойылса керек. Ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы, академик Әлкей Марғұлан да қаланы зерттеп, оны Қаңлы мемлекеті кезеңіне жатқызған.