Тұңғыш инвестордың тағылымы - баспасөзге шолу

АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 5 шілде, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі саны түгелдей дерлік Астана тақырыбына арналған деуге болады. Бірінші бетте «Алға, Астана» деген тақырыппен кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Астана» президенттік кәсіпқой клубының ашылу рәсімі туралы мақала берілген. Газет Елбасы Н. Назарбаевтың «Астана - Қазақстан дамуының шамшырағы. Еліміз тек экономикада ғана емес, спортта да зор жетістіктерге қол жеткізді. Бұған Лондон Олимпиадасында 7 алтын медаль, 205 елдің ішінен 12 орын алғанымыз дәлел. Біз бүгін спорттың барлық түрін жан-жақты дамытуға ден қойып отырмыз. Әсіресе, бұқаралық спортты, жалпы спорт индустриясын ілгерілету басты назарымызда тұр. Бүгінгі шара - мемлекеттің осы салаға қамқорлығының айшықты айғағы» деген сөздерін келтіре келе, «Келесі кезекте Нұрсұлтан Назарбаев клубтың Қазақстанның бас қаласымен аттас болуында өзіндік нышан бар екеніне назар аударды. Мұны ол жаңа клуб мақсатының елордада бұрыннан үрдіске айналған саламатты өмір салтына үндес келетіндігімен түсіндірді. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында табысты болашағымыздың негізі ұлт денсаулығы екенін атап өткен еді. Демек, «Астана» кәсіби спорт клубының құрылуы да осы мүддемен орайлас болмақ», - деп ой түйіндейді.

Ал екінші бетте «Аймақтарды аршындатқан Астананың адымы» атты ортақ тақырыппен газет оқырмандарының Астана туралы ойлары топтастырылып, айқара бетке беріліп отыр.

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел экономикасына шетел инвестициясын салған алғашқылардың бірі - «Шеврон» корпорациясы», - деп жазады басылым «Экономика» айдары бойынша берілген «Тұңғыш инвестордың тағылымы» атты мақалада.

Әлемдік мұнай бизнесіндегі алыптардың бірінен саналатын халықаралық ірі компанияның қатысуымен елімізде 1993 жылы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылып, көмірсутекті шикізаттық қорымен әлемде теңдесі жоқ «Теңіз» кеніші игеріле бастады. «Шевронның» Қазақстанмен серіктестігі тек мұнымен шектелмейді. Бұл компания Қарашығанақ кенішін игеруге де, Қара теңіз жағалауына төтелей тартылған мұнай құбырының іске қосылуына да қомақты инвестиция салды.

«Қара алтынның» қайнары атқылағалы бері Атырау жұртшылығы оның қадірін сезінбек түгілі, дәл бүгінгідейді көрген емес. Кеңестік жүйенің қатал тәртібімен өндірілген мұнай мен газ ортақ қазанға құйылып жататын. Мұнайшылар вагон-үйшіктерде тұрып, ескі технологияны жамап-жасқап өнім өндіретін. Теңіздей телегей қазынаның үстінде отырған Атырау қаласының тұрғындары қара балшықты кешіп жүретін. Ал ауылдарда тұратын әйелдер шелектеп су тасып, мал тезегімен, көмірмен пеш жылытатын. Дәл бүгін соның бәрі көрген түстей, қала тұрғындарын айтпағанда, алыстағы ауылдардағылар да өркениетке қол созды. Ауылдарға да таза ауыз су да, «көгілдір отын» да жетті. Балабақшалар, мектептер мен денсаулық сақтау нысандары ел игілігіне берілді. Отандық мұнай-газ өнеркәсібінің кеніштерінде қонақ үйге бергісіз жатақханалар мен асханалар бой көтерді. Мұнай өндіру саласында жаңа технологиялар енгізілді. Отандық мұнайшылар біліктілігі артты», - деп жазады газет.

***

Ақан серінің көркем бейнесін жасап, сол арқылы Қазақ елінің үлкен трагедиясын қатар көрсете білген қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері - Сәкен Жүнісовті халқы «Сәкен сері» деп атап кетті. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында жазылған.

«Қазақ даласына есімі аңыз болып тараған Ақан серіні әнші, ақын ғана емес, қазақ қамын ойлаған күрескер ретінде танытқан суреткерге лайық теңеу. Жақында жазушының інісі, бүгінде деректі фильмдерімен танылып жүрген белгілі режиссер Орал Жүнісовпен кездесудің сәті түсіп, әңгімелесіп қайттық. Әсерлі әңгіменің тиегін ағытқан режиссер ағасының қарапайым ауыл баласынан халқы сыйлаған серіге қалай айналғанын баяндап берді...», - делінген мақалада.

«Қазіргі күні халықтың сері жайлы түсінігі өзгерген. Домбырада ән айтып, қыздармен көп жүретін жігіттің барлығын «сері» атайтын болыпты. Негізі, серіліктің өлшемі бұл емес. «Сері» деп әдетте «сегіз қырлы, бір сырлы» жігіттерді айтады. Сәкеннің мұндай қырлары көп болды. Біріншіден, ағам күреске қатысып, спорт шебері атанған. Екіншіден, әнді керемет айтатын. Отырыстарда, жиын, тойларда ән тиегін ағытқан Сәкенді жұрт құлаққа ұрған танадай, бар ынта-шынтасымен тыңдайтын. Тіпті бір кездері осы өнерге қызығып, консерватория ұстаздарынан жеке сабақ алған. Ондағы мақсаты - әдемі әнді дұрыс айтып, үйрену болатын. Домбыра ішегін біресе күлдіріп, біресе күңірентетін күйшілік қасиеті де жоқ емес. Бір отырыста Нұрғисамен күй жарыстырғаны есімде. Екеуі күй тартысып біраз отырды. Қандары қызу емес пе, тартысты додаға кірісіп-ақ кетіпті. Екеуінің бұл сайысынан біз ыңғайсыздана бастадық. Өйткені екеуінде де әжептеуір мінез бар емес пе?! Арты үлкен шатақ болатын шығар деп, үнсіз тыңдап отырмыз. Дәулескер күйші ағамның дес бермей отырғанын көріп, бір кезде домбыраны башпайымен тартты. Сонда ғана бұл «тартыс» аяқталды. «Сайыс» тоқтаған соң екеуі әдеттегідей арқа-жарқа сөйлесіп, қалжыңдасып, дастарқан басына кетті. Біз аң-таңбыз. Сөйтсек, бұл екі таланттың таласы емес екен. Керісінше, бірін-бірі мойындауы екен ғой. Қарапайым достық рәуіштегі әдемі әзіл», - деп жазады автор.

Мақалада Сәкен Жүнісовтің тұлғасы жан-жақты ашыла келіп, «көше аты қашан берілер екен?» деген мәселе де көтеріледі. «Сәкеннің есіміне Алматыдан бір көшенің атын беруге күш салып жүрмін. Осы мәселені көтеріп, қажетті мекемелерден сұрастырғанымда дүниеден озғанына бес жыл толуы керек деген. Бес жыл өтті, 7 жылға кетті. Бірақ әлі де ешқандай өзгеріс жоқ. Бірақ ұлтын сүйген ұлына халқы бір көшесін арнайтыны анық», - деген ойын айтады О. Жүнісов.

Соңғы жаңалықтар