Тұрақтандыру қорлары бағаны ұстай алмай отыр — депутат

АСТАНА.KAZINFORM — Мәжілісте Жоғары аудиторлық палатаның есебі қаралып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға арналған қорлардың тиімсіз жұмысы сынға алынды. Депутаттар бұл тетік өз мақсатын орындамай отырғанын мәлімдеді.

 Темір Қырықбаев
Фото: Темір Қырықбаевтың Facebook парақшасынан

— Тұрақтандыру қорлары 2011–2012 жылдары дағдарысқа қарсы құрал ретінде құрылған болатын. Мемлекеттің сол кездегі логикасы баға құбылған кезеңдерде нақты тауар қоры болуы және нарыққа жедел шығу мүмкіндігі арқылы бағаның өсуін тежеу, азаматтардың сатып алу қабілетін қорғау қажет болды. Алайда арада он жылдан астам уақыт өтсе де, бұл механизм бүгінгі таңда бастапқы мақсатына сай жұмыс істемей отырғанын мойындауымыз керек, — деді Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Facebook желісінде.

Оның айтуынша, аудит қорытындысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыру процесіне қатысуы тиімсіз екенін көрсеткен. Соның салдарынан негізгі азық-түлік бағасы өсіп отыр: бір жыл ішінде картоп шамамен 40 пайызға, пияз 20 пайызға қымбаттаған.

— Бюджет қаржысына сатып алынған өнімдердің халыққа жетпей, қоймаларда бұзылып қалып жатыр. Соңғы екі жылда алынған тауардың небәрі 19%-ы ғана сатылған, — деді депутат.

Ол Қызылорда облысындағы жағдайды мысалға келтіріп, тұрақтандыру қоры қоймаларында шамамен 1,8 млрд теңгенің өнімі тұрғанымен, дүкендерде ет пен сүт өнімдері жетіспейтінін айтты.

Сонымен қатар кей өңірлерде тұрақтандыру қорларына бөлінген қаражаттың айналымға жіберілмей, депозиттерге орналастырылғаны анықталған. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация бір жыл бойы 2 млрд теңгеден астам қаржыны депозитте ұстағанын сынға алды.

— Қазіргі форматта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыру тетіктеріне қатысуы орынды емес. Өнімнің қашан және қандай көлемде сатылатыны алдын ала жоспарланбайды, сәйкесінше еш әрекет жасалмайды, — деді Темір Қырықбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмысын жеделдетуді тапсырған еді.

Соңғы жаңалықтар