10:06, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Тұрақты кеңес отырысында 2008 жылғы облыс бюджетінің атқарылу барысы мен 2009 жылғы жоспарын бекіту туралы мәселе қаралды
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Қызылордада облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың төрағалық етуімен өткен кезекті тұрақты кеңес отырысында 2008 жылғы облыс бюджетінің алдын-ала алынған мәліметтер бойынша атқарылу барысы мен 2009 жылғы облыстық бюджеттің жиынтық қаржыландыру жоспарын бекіту туралы мәселе қаралды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Тұрақты кеңесте алдымен облыстық қаржы басқармасының бастығы Құттықожа Ыдырысовтың хабарламасы тыңдалды. Өткен жыл бюджетінің кірістері 50222 млн. теңгеге болжанып, кейін 82840,7 млн. теңге болып нақтыланды. Мемлекеттік бюджет кірісі 101,1 пайызға орындалды. Сондай-ақ облыстық бюджет кірістерінің болжамы 13640,1 млн. теңгеден 20550,7 млн. теңгеге нақтыланып, 21544,4 млн. теңгеге артық орындалған. Республикалық бюджеттен бекітілген трансферттер жоспары 36160,7 млн. теңгеден 61635,1 млн. теңгеге дейін нақтыланып, бұл қаражат толығымен алынды. Үкіметтің шұғыл шығындар резервінен ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілерді субсидиялауға берілген 895,7 млн. теңге, су тасқынын болдырмауға бөлінген 970 млн. теңге толығымен, ипотекалық тұрғын үй салуға қаралған 564 млн. теңге қаражаттың 562 млн. теңгесі игерілді. Айырмадағы 2 млн. теңге қаржы тендерден үнемделген. Тұрақты кеңес отырысында аудандар мен Қызылорда қаласы және облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бойынша бюджеттің атқарылуына талдау жасалды. Арал ауданында шығындар жоспары 99,6 пайызға орындалып, 13,9 млн. теңге игерілмеген. Республикалық бюджеттің нысаналы трансферттері толығымен орындалған. Ал облыстық бюджеттен қарастырылған 2,8 млн. теңге аудан орталығының бас жоспарын жасауға пайдаланылмаған. Ауданның өз бюджетінен бөлінген 11,1 млн. теңге де игерілмей қалған. Қазалы ауданында шығындар жоспары 98,7 пайызға орындалып, 51,9 млн. теңге игерілмеген. Республикалық бюджет қаржысы 94 пайызға орындалып, ауыз су жүйесін дамытуға бөлінген 39,5 млн. теңге, ипотекалық үй құрылысын салуға қарастырылған 0,2 млн. теңге дер кезінде жұмсалмаған. Қазалы ауданы облыстық бюджеттің нысаналы трансферттерін орындауда толымды көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Алайда, ауданның өз бюджетінің 12,2 млн. теңгесі игерілмеген.Қармақшы ауданында шығындар жоспарының орындалуы, республикалық, аудандық бюджет қаражатының игерілуі бір деңгейде, 99,8 бен 99,9 пайызды құрайды. Аудандарда республикалық бюджеттің ипотекалық тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржысы игерілмеді. Облыстық бюджеттің мақсатты трансферттері түгелдей жұмсалған. Жалағаш ауданында шығындарға жоспарланған қаржының 99,5 пайызы орындалып, республикалық бюджет трансферттерінің игерілуі 100 пайызға жеткен. Дегенмен, облыстық бюджеттен бөлінген қаржының 0,9 млн. теңгесі құрылыс нысандарының құжаттарын жасауға пайдаланылмаған. Ауданның өз бюджетінің де 12,1 млн. теңгесі игерілмеді. Сырдария ауданында республикалық бюджеттен интерактивтік оқыту жүйесін енгізуге, ауыз су желілерін дамытуға бөлінген қаржы игерілмеді. Шығындар жоспары мен ауданның өз бюджеті 99,7 пайызға атқарылған. Ал облыстық бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілуі 100 пайыз болған. Шиелі ауданында республикалық бюджет қаражатының орындалу қорытындысы жоғары көрсеткіштерге жеткенімен, облыстық бюджеттің 3,1 млн теңгесі Жақаев ауылындағы балабақшаны қайта жаңғырту жұмыстарына жұмсалмаған. Жергілікті бюджеттің атқарылуы 99,7 пайыз құрайды.Жаңақорған ауданындағы шығындар жоспары 98,2 пайызға орындалып, 69,2 млн теңге игерілмеген. Ал облыстық бюджеттің мақсатты трансферттері 87 пайызға орындалып, 60,2 млн. теңге Кеңес ауылындағы мектеп құрылысынан, 0,1 млн. теңге интерактивтік оқыту жүйесін енгізуден игерілмеген. Қызылорда қаласында республикалық бюджеттің қаражаты 99,5 пайызға игеріліп, жаңадан іске қосылатын білім беру нысандарын ұстау, интерактивті оқыту жүйесін енгізу, коммуналдық тұрғын үй құрылысы, қаланың инженерлік-коммуникациялық жүйесін дамыту, ауыз су мен кәріз жүйелерін қайта жаңғырту мен кеңейту, ипотекалық тұрғын үй құрылысына бөлінген жиынтығы 21,9 млн. теңге болатын қаражат игерілмеген. Қаржы басқармасының басшысы бірқатар жергілікті басқармаларға қатысты осындай деректерді алға тартты. Өңірімізде салынып жатқан 7 білім беру нысанының 4-еуі 2008 жылы пайдалануға берілуі тиіс еді. Олардағы құрылыс жұмыстарының дер кезінде аяқталмауының объективті себептері болды, ? деді облыс әкімі. ? Бірақ құрылыстарға бөлінген қаражаттың игерілуі 90 пайызға жетіп отыр. Қалғаны жаңа басталған жылдың алғашқы жартыжылдығында толық игеріледі. Осы орайда облыс басшысы өзінің орынбасары Сәбит Қожаметовке қаржының игерілу көрсеткіштеріне талдау жасауға тапсырма берді. Сондай-ақ тұрақты кеңес отырысында 2009 жылғы облыстық бюджеттің жиынтық қаржыландыру жоспарын бекіту туралы мәселе көтерілді. Қаржыландыру жоспары Үкімет бекіткен ережеге сай рәсімделеді. Ал бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жылдық қаржыландыру жоспары бекітілгеннен кейін есептерді және жоспарларды айға бөлу негіздемесін, жеке қаржыландыру жоспарларының жобаларын ұсынады. Бүгінде қаржы басқармасы бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыру жоспарларының жобасын жинақтап, сәйкестігін тексеріп, облыс бойынша қазынашылық департаментіне тапсырды. Облыс әкімі басқарма басшыларына қаржыландыру жоспарын бекіткен кезде қаржыны уақтылы игерудің барлық тетіктері ойластырылуы қажет екенін ескертті. Тұрақты кеңестегі үшінші мәселе ? алдағы айда елімізде өтетін халық санағына қатысты болды. Облыстық статистика басқармасының бастығы Бақыт Сапар осыған дейін атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады. Бүгінгі күні кадрларды іріктеу жұмыстары толығымен аяқталды. Санақ бөлімінің меңгерушілері мен үйлестірушілер, есепшілер маңызды науқанға дайын. Жарнамалық материалдар жер-жерде ілінген. Бильбордтар орнатылып, үгіт парақшалары таратылуда. Санақшылардың қоғамдық көліктерде тегін жүруі, үйлерді нөмірлеу, көшелердің атын нақтылау бағытында көп жұмыс тындырылды. Дегенмен, осынау жауапты науқанға қатысуға үндеген үгіт-насихат жұмыстары әлі де ширата түсуді қажет етеді.