Тұрақты мекен-жайы жоқ адам «жатын» орын үшін кісі өлтірді
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Орал қаласында тұрақты мекен-жайы жоқ ер адам «жатын» орынды бөлісе алмай, 40 жастағы әйелге пышақ салған.
Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Орал қаласында ІІД криминалдық полиция қызметкерлері жанжал барысында 40 жастағы танысын өлтірген аталған қаланың 34 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Өлтірілген әйел адамның мәйіті қалаға жақын маңдағы орманды алқаптан табылды. Күдікті мен жәбірленушінің екеуі де тұрақты мекен-жайы жоқ тұлғалар. Қанды оқиғаның себебі «жатын» орынға таласудан туындағаны анықталып отыр», - деп атап көрсетті ресми өкіл.
Ас үй пышағының көмегімен жәбірленушінің кеуде тұсынан бірнеше соққы жасаған ер адам қылмыс қаруын сындырып, оқиға орын алған жерден ізін суытқан.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оның үстінен аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.