Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ұлттық жобасы әзірленіп жатыр – Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM –Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы туралы ұлттық жобаға 2029-2030 жылдары шамамен 10 трлн теңге инвестиция тартылады деп күтіліп отыр. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлім етті.
«Президенттің халыққа Жолдауындағы тапсырмасы бойынша қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жүйесін жаңғырту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеудің соңғы сатысындамыз. Ұлттық жоба 2029-2030 жылдары шамамен 10 трлн теңге инвестиция перспективасы көзделіп отыр», - деді Олжас Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау барысында.
Премьер-министр мәлімдеуінше, ұлттық жоба аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инженерлік инфрақұрылымын жаңарту жоспарланып отыр.
«Ұлттық жобада барлық тауар, жабдық және қызметті отандық кәсіпкерлерден сатып аламыз. Бұл мақсатқа жету үшін көп жұмыс күтіп тұр, бірақ Президенттің тапсырмасы сөзсіз орындалады», - деп толықтырды ол.
Айта кетсек, биыл қыркүйекте тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын қаржыландыру бағдарламасы әзірленді.