Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту баспана бағасына әсер ете ме
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық жоба аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын жаңғыртуға 13 трлн теңге бөлінеді. Осы орайда тұрғын үй бағасы өсуі мүмкін бе?
Бұл сауалға Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында жауап берді.
Вице-министрдің айтуынша, 2023 жылдан бастап елде архитектуралық, қала құрылысы және құрылыс каталогы бар. Оған елде жасалып, өндірілетін барлық материал мен құрал-жабдық Баға қалыптастыру орталығы мен мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институты арқылы енгізіледі.
Каталогқа кез келген өндіруші өз өнімдері туралы деректі, оның бағасы мен құрамын енгізеді. Содан соң материалдар мен құрал-жабдық туралы дерек жобалау-сметалық құжатқа енгізіледі, сол бойынша жоба іске асырылады және құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіледі.
— Осылайша, баға саясаты жүйелі түрде реттеледі және күрт өзгеріс күтілмейді, — деп сендіріп отыр Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары.
Еске сала кетсек, 2025 жылғы 25 шілдеде Президент көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған құжатқа қол қойды.
Артынша аталған заң аясында еліміздің энергетика және коммуналдық секторды жаңғыртудың ауқымды жоспарына шолу жасаған едік.
Айта кетсек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жетілдіруге арналған ұлттық жобада отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі.