Тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуы үшін ешқандай қиындық болмауы керек – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Енді ең бастысы – жылу беру маусымын қалыпты деңгейде өткізіп, жоспарланған барлық параметрлерді сақтай білу. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Үкімет
Фото: ҚР Үкіметі

«Бүгінгі күні еліміздің көптеген өңірінде жылу беру маусымы уақтылы басталды. Қалған өңірлерге, әсіресе оңтүстік облыстарға, жылу жақын күндері қосылады. Мерзімдердің бұзылуына жол берілген жоқ. Қажетті қаражаттың барлығы бөлінді. Бірқатар өңірде жылу көздерінің резервтік жабдықтарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жоспарланған жобалар іске асырылып, көмір мен мазут қорлары нормативтік деңгейге жеткізілуде. Үлкен жұмыс атқарылды. Оны бөлінген қаржы көлемінен де, жүргізілген жұмыс ауқымынан да байқауға болады. Енді ең бастысы – жылу беру маусымын қалыпты деңгейде өткізіп, жоспарланған барлық параметрлерді сақтай білу», - деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, коммуналдық кәсіпорындардың жөндеу бөлімшелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Олар кез келген жағдайға шұғыл әрекет ету үшін дайын болуға тиіс.

Әкімдерге жылу беру маусымының барысын жеке бақылауда ұстауы қажет.

«Сондай-ақ мына мәселелерге назар аударамын. Бірінші, Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жылу және электр энергетикасы бойынша инвестициялық міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге тиіс. Екінші, Ұлттық экономика, Энергетика министрліктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, барлық жылу/энергия кәсіпорындарында табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық міндеттемелерінің орындалуына бақылау жасау шараларын өзектендіруі қажет. Үшінші, өңір әкімдіктері Өнеркәсіп және Көлік министрліктерімен бірлесіп, коммуналдық және тұрмыстық көмірді жеткізу бойынша барлық мәселені шешуі тиіс. Көмірді вагондармен тасымалдауға басымдық беру қажет. Тұрғындар көмірді тұрақты бағамен сатып алуы үшін ешқандай қиындықтар болмауы керек», - деді Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар