Тұрғындар шағымы: Алматыда жылу мен ыстық су бағасы неліктен өсті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар әлеуметтік желіде ақпан айында жылу мен ыстық суға келген төлем түбіртектерінің бағасы көтерілгенін айтып шағымданды.

жылу
Фото: pixabay.com

Төлемақының өсуіне байланысты «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-ы жауап берді. Компанияның мәліметінше, 2024 жылы «Инвестициялармен алмасу тарифі» бағдарламасын іске асыру барысында Алматыда жылумен жабдықтау қызметінің тарифі өзгерген болатын. Алайда өзгерістер тек 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылған.

— Ақпан айындағы түбіртектерде есептелген сомалар екі кезеңді: желтоқсанның бір бөлігі және қаңтардың бір бөлігін қамтиды. Монополияға қарсы ведомствоның 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап тарифті өзгертуіне байланысты төлем екі кезеңге бөлінген. Яғни, 31 желтоқсанға дейін бұрынғы тариф бойынша есептеліп, 1 қаңтардан бастап өзгертілген тариф бойынша есептелген, — деп хабарлады компаниядан.

Сонымен қатар, 2024 жылы жылу энергиясының есептеу құралы бар жеке тұлғалар топтары бойынша сараланған тарифтер енгізілді. Бірінші топқа есептеу құралы бар, жылытылатын аумағы 100 м²-ге дейінгі жеке тұлғалар, екінші топқа жылытылатын аумағы 100 м²-ден 200 м²-ге дейінгі жеке тұлғалар, үшінші топқа аумағы 200 м²-ден асатын жеке тұлғалар кіреді. Тарифтерді монополияға қарсы ведомство бекітті.

Ал жалпы тұрғын үйге есептеу құралы орнатылған үйлерде жылу және ыстық су қызметі үшін тұрақты төлем жоқ. Төлем сыртқы ауаның температурасы мен тұрғын үйдегі жылу тасымалдағыштың нақты тұтынылуына байланысты, оны жалпыүйлік жылу энергиясы есептеу құралы тіркейді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан қалаларында жылу бағасы қанша тұратынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар