Тұрғын үй-коммуналдық саласының барлық проблемасын шешу үшін, Жамбыл облысына 7 миллиард теңге қажет
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Галина Скрипник/ - Жамбыл өңірінде жүзеге асырылып жатқан «Тұрғын үй-коммуналдық саланы дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы» бүгінде тек 40 пайызға ғана орындалып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына сілтеме жасап. Бағдарламаны аяқтауға қажетті қаражат 1,2 миллиард теңгені құрайды (қалалық және аудандық бюджеттерден ? 38,5 миллион теңге, кәсіпорындардың қаражаттарынан ? 1 137,4 миллион теңге).Облыс бойынша жылу желілерінің 70 пайызының әбден тозығы жеткен. Бұл мәселені шешуге қосымша 531,4 миллион теңге қажет. 2008 жылы облыстың жылумен қамтамасыз ету жүйесіне 343,1 миллион теңге бөлінді, 2009 жылға 790,1 миллион теңге қарастырылып отыр. Бұл жұмыстарды жүргізу барысында 1 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Оған қоса Тараздағы «Алатау», «Аса» ықшамауданының, «Төңкеріс», «Телеорталық» массивтерінің орам ішіндегі жылу желілерін жаңартуға және ауыстыруға 500 миллион теңге сома қаржы қажет. Бұл жобаны жүзеге асыруда да 1 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 2009 жылға арналған іс-қимылдар жоспары (жол картасы) аясында Жамбыл облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін қайта құруға және дамытуға жергілікті бюджеттен 2009 жылға 300 миллионға жуық теңге бөлініп отыр. Дегенмен дереу шешім қабылдауды қажет ететін өткір мәселелерге 7 миллиард теңгеден астам қосымша қаражат қажет, деп санайды басқарма мамандары. Оның ішінде, сумен жабдықтау желісіне - 3,6 миллиард теңге, жылу желілеріне - 1,4 миллиард теңге, электр желісі мәселелерін шешуге - 500 миллион теңге, кәріз проблемаларына -2,1 миллиард теңге, газбен жабдықтау мәселесіне 243,6 миллион теңге қажет.
Басқарма мамандарының айтуынша, Жол картасын жүзеге асыру аясындағы жұмыстарға өңірде 7 500 адам жұмысқа тартылатын болады, олардың 25 пайызы немесе 1 900 адам қайта мамандандырылуға жіберіледі.