Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының берекесін ашатын кешенді шаралар қолға алынады

; АСТАНА. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Экономиканың тұрақты дамуында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының алатын орны ерекше. Өкінішке қарай, бізде бұл ортада қордаланып қалған мәселелер жетеді. Ал, оларды тиімді және кешенді шешпей коммуналдық қызмет нарығын дамыту үшін қолайлы жағдай туғызу,

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының берекесін ашатын  кешенді шаралар қолға алынады

сондай-ақ қуат, су, жылу үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мүмкін емес. Негізінен бұл саладағы проблемалар сумен, жылумен, газбен, қуатпен қамтамасыз ететін жүйелердің әбден тозғандығынан туындап жатқаны мәлім. Сондықтан да берекесі қашқан бұл салаға берекелі реформа жүргізу қажет болып тұр.

Әрине, тұрғын үй-коммуналдық секторын жаңғыртып, дамыту үшін мемлекет көп жұмыс жасап жатыр. Елімізде тіпті бұл саладағы проблемалармен жүйелі айналысу міндеттелген Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі құрылды. Агенттік әзірге қазынадан бөлінген қаржының есебінен соры қалың сектордағы түйткілдерді шешуге күш салуда. Бірақ, бұндағы кешенді проблемаларды шешуге бір ғана бюджеттің қаржысы аздық етуде. Әлемдік тәжірибе бойынша, әлеуметтік маңызы зор бұл сектордағы түйткілдерді мемлекеттік-жекеменшіктік серіктестік негізінде еңсеру ең тиімді әдіс болып саналады. Бірақ, бұндай серіктестікті жолға қою үшін де екі тараптың бір-біріне деген өзара сенімін қалыптастыратын жүйелі бағдарлама қажет. Сондықтан да Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкіметке 2010 жылы «Жол кар­та­сы-2009» жоспары бойынша басталған тұр­ғын үй-коммуналдық сектор нысан­да­рын қайта жаңғыртуды жалғастыруды, ал 2011 жылы тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­шылықты кең ауқымды жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі жоспарын жасауды тапсырған болатын. Ал, жоғарыдағы Агенттіктің үстіміздегі жылғы ақпанның 2-де болған алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту жөніндегі жаңа бағдарламаны Үкіметтің қарауына маусымның 1-іне дейін енгізуді тапсырған еді. Бүгінде бұл құжат дайын болды.

Үкіметтің сейсенбідегі жиынында 2020 жылға дейінгі Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын көлемді жаңғырту және дамыту туралы бағдарлама талқыланды. Агенттік төрағасы Серік Нокиннің сөзіне қарағанда, бағдарлама тұрғын үй-комуналдық шаруашылығының негізгі екі өзара байланысты саласындағы түйткілдерді, атап айтқанда коммуналдық сектордағы және тұрғын үй қорындағы проблемаларды шешу мақсатында әзірленген. «Тұтастай алғанда республикамыздағы коммуналдық инфрақұрылым желілерінің және құрылғыларының техникалық жағдайы олардың көп бөлігінің жөндеу мен алмастыруды қажет ететіндігімен сипатталады. Мәселен, сумен қамтамасыз ету саласындағы жөндеуді қажет ететін желілер мен құрылғылардың үлесі - 64 пайызды, жылумен қамтамасыз етуде - 63 пайызды, электр энергиясымен қамтамасыз етуде - 73 пайызды, ал газбен қамтамасыз етуде - 54 пайызды құрайды, дейді С. Нокин. Қарап отырсақ, коммуналдық сектордың қай саласын алсақ та жөндеуді және алмастыруды қажет ететін желілер мен құрылғылардың үлесі жалпы жиынтықтың тең жартысынан асып түседі екен. Бұдан аталмыш сектордағы түйінін тарқатуды қажет ететін дүниелердің көп екендігін ағарамыз. Сондықтан да, Үкімет бағдарлама аясында коммуналдық саланы дамытудың мынадай жүйелі тәсілдерін айқындап отыр. Біріншіден, жаңа желілер мен құрылғыларды салу республикалық және жергілікті бюджеттердің есебінен жүргізілетін болады. Екіншіден, желілер мен құрылғыларды жөндеу және қайта жаңарту кәсіпорындардың меншіктік қаражаты және бюджеттік қаражат есебінен іске асырылады. Үшіншіден, жеке меншік иелігіндегі желілер мен құрылғыларды жөндеу және қайта жаңарту толығымен кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл ретте ілкі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отырғанын айтып өткен жөн. Мәселен, жылу көзінен нақты тұтынушыға дейін жылу энергиясын тасымалдау учаскесіне жүргізілген сараптама магистралдық құбыр желілерімен тасымалданғанда жылудың 11 пайызы, ал жылуды бөлетін желілерде 17 пайызы ысырап болатынын көрсеткен. Соның нәтижесінде, тұтастай алғанда республика бойынша 2009 жылы тұтынушыларға жіберілген 66 млн. Гкал. жылу энергиясының 11 млн. Гкал-ы ысырап болған. Ал тікелей тұтынушылардың жылу энергиясын пайдалануына жүргізілген сараптама жылудың шамамен 20-30 пайызы көп пәтерлі тұрғын үйлердің шатыры, қабырғасы және терезесі арқылы жоғалатынын анықтаған. Осылайша қазіргі уақытта көп пәтерлі тұрғын үйлер жылу энергиясын ең бейберекет пайдаланатындардың қатарында болып отыр. Халықаралық энергетикалық қауымдастықтың деректері бойынша, Қазақстанда ғимараттардағы жылу энергиясының шығыны жылына бір шаршы метрге 240 кВт-ты құрайды екен. Мысалы, бұл көрсеткіш Швецияда - 82 кВт, Германияда 120 кВт, ал Францияда 126 кВт-ны құрайды. Бұдан біздің еліміз жылу энергиясын бейберекет пайдаланушылардың ішінде бәйгенің алдын бермей тұрғанын көреміз. «Мемлекетіңнің дүниесін үнемдеу мәдениеттің бір белгісі» десек, бұл тұрғыдан біздің алдыңғы қатарлы елдерден үйренетін дүниелеріміз көп-ақ. Бұл күрделі проблеманы шешу үшін, яғни жылуды үнемдеу үшін бағдарлама аясында тұрғын үйлерге терможаңғырту жүргізу жоспарланып отыр. Бұл ретте 2011 жылы әрбір өңірде 2 жоба, бас-аяғы 32 ілкі жоба іске асырылмақ. Ал, 2012 жылдан бастап жыл сайын шамамен 300 көп пәтерді тұрғын үйге терможаңғырту жүргізілмекші. Алайда, бұл жұмыс көп шығынды талап ететін көрінеді. Мәселен, 60 пәтерлі тұрғын үйге терможаңғырту үшін 30 млн. теңге қажет екен. Көп пәтерлі тұрғын үйлер азаматтардың жекеменшігі болып табылатынын ескеріп, бағдарлама аясында терможаңғыртуды қайтарымды негізде бюджет қаржысы есебінен жүргізу жоспарлануда. Бұл механизмді енгізу үшін қаржыны қайтару тетігін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді әзірлеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорын және энергосервистік компанияны құру көзделуде.

Ал бағдарлама шеңберінде электр энергиясымен қамтамасыз ету саласында мынадай жүйелі тәсілдер қабылданбақ. Біріншіден, бюджет қаржысы тек қана бұрындары салынған немесе қайта жөнделген тұрғын үйлері мен нысандары электрлендірілмеген аудандар мен ауылдардағы электр желілері мен құрылғыларының құрылысына бөлінеді. Екіншіден, меншік формасына қарамастан, қазір жұмыс істеп тұрған электр желілері мен қондырғыларын жөндеу және реконструкциялау тек қана аудандық электржелілік компаниялардың есебіне қаржыландырылады. Бұл жүйелі шаралардан 2020 жылы мынадай нәтиже күтіліп отыр: апатты электр желілерін жөндеу және реконструкциялау аяқталады, электр энергиясының нормадан тыс ысырабы жойылады, ал электр энергиясын тұтынушыға тасымалдау кезіндегі нормативтік ысыраптың деңгейі 20,5 пайыздан 12 пайызға дейін төмендейді.

Бағдарлама шеңберінде, халықты газбен қамтамасыз етуді дамыту үшін де бірқатар кешенді шаралар қолға алынбақ. Мәселен, тұрғын үйлер мен суды жылыту үшін халықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл ретте алғашқы ілкі жобаны Ақмола облысының халқының саны шамамен 10 мың адам болатын Жібек Жолы кентінде іске асыру көзделуде. Ілкі жобаны жүзеге асырудың қорытындысы бойынша, аталмыш тәжірибені табиғи газға қолы жетпей отырған өзге де өңірлерге тарату көзделуде.

Атап өтерлігі, бағдарламаның 2011-2015 жылдарға арналған бірінші кезеңін жүзеге асыруға 580 млрд. теңге қажет. Бұл ретте шығынның 64 пайызы кәсіпорындардың қаржысы есебінен жабылады. Бұл ретте республикалық бюджеттен 173 млрд. теңге, жергілікті бюджеттерден 37 млрд. теңге бөлу қажет. Ал қалған 369 млрд. теңгені тарифтік реттеудің жаңа тетіктерін енгізу есебінен коммуналдық сектор кәсіпорындары бағыттауы тиіс. Бұл қаржы коммуналдық жүйелерді жаңғыртуға және дамытуға жұмсалады.

Сонымен проблемасы шаш етектен бұл саладағы мәселелерді шешу үшін сең орнынан қозғалды. Үкімет жүйелі бағдарламаны әзірледі. Әрине, оның толықтыратын, пысықтайтын тұстары баршылық. Сейсенбідегі Үкімет отырысында Премьер-Министр К. Мәсімов бағдарламаны тезірек қабылдау үшін оны тағы бір мәрте сүзгіден өткізуді тапсырды. «Менің ойымша, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту жөніндегі жаңа бағдарлама өте жақсы құжат. Оны айтылған ескертулер мен ұсыныстарды назарға ала отырып, пысықтау керек. Біз таяу уақытта оны қабылдауға тиіспіз», - деді Үкімет басшысы. Қалай десек те, бұл бағдарламаның жыл соңына дейін қабылданатыны анық. Ал ондағы мақсаттар орындалып жатса, елімізде коммуналдық секторды басқарудың тиімді формалары мен әдістері қалыптасатын болады. Бұдан ел экономикасына пайда келмесе, еш зиян тимейді.