16:31, 08 Қаңтар 2009 | GMT +5
Тұрғын үй құрылыс банкі баспаналы болудың тиімді жолдарын ұсынады
ҚЫЗЫЛОРДА. Қаңтардың 8-і. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Соңғы жылдары азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарлама мыңдаған тұрғындардың баспаналы болуына жағдай туғызды.
Бұл бастаманың одан әрі жалғасын табуын өмірдің өзі талап етіп отыр. Жаңа басталған жылда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға қандай мүмкіндіктер ұсынылады? "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалының директоры Жүсіп Тасқынбаев ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап береді. ? Үкімет тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдады. Алдағы жылы қаржы дағдарысының қатал сынағына қарамастан баспанаға мұқтаж отбасылар қоныс тойын тойлай ма? ? Тұрғын үй секторын дамытудың арнайы бағдарламасы дер кезінде жасалды. Бұл баспаналы болуға талпынушыларға жеңілдікпен тұрғын үй алуға, пайыздық ставканың тиімділігін пайдалануына мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде салынып, бірақ сатылмаған барлық нысандарды тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы саудалаудың да артықшылықтары жеткілікті. Жаңа бағдарлама жұртшылықтың басым санаттарына жылдық 4 пайыздан (4 пайыз ставкі тек мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысушыларға ғана ? ҚазАқпарат) аспайтын ставкамен алдын-ала қарыз берудің және бастапқы жарнаны жинақтаудың қиындықтарын жеңілдетпек. Тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды жеделдету үшін жергілікті әкімдіктерге пәтерлер сатып алу құқы беріліп отыр. Бұл құрылысы аяқталып, бірақ өтпей тұрған баспаналардың сатылуын тездетеді.
? Қайсыбір қаржы институты болмасын, өзінің салымшылары және тұрақты тұтынушыларымен қуатты. Бұл ретте "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" ел арасындағы беделіне қанықпыз. Дегенмен, біздің аймақтағы банкке сенім білдірушілер қатарының өсу қарқыны қандай? - Жыл санап өсіп келеді десек, шындықтан алыстамаймыз. Бүгінгі күні 6 мыңға жуық салымшымыз бар. Оның ішінде 485 адам 853 млн. теңге заем алған. Соңғы жылдары 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша 12 адамға 52 млн. теңгеден астам несие берілді. Ал осы бағдарламаның 2008-2010 жылдарға арналған екінші кезеңі бойынша жұмыс жалғасуда. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаға қатысушылардың құжаттары қабылданып жатыр.
? Банк халықтың баспана жағдайын жақсарту бағытында іргелі жобаларды жүзеге асырып жатқанын білеміз. Әсіресе өз тұтынушыларына сыйақы тағайындауы жұртшылық назарын бірден аударды. ? Иә, жаңа баспаналы болуды ойластырып жүрген жерлестеріміз "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" есепшот ашып, салым салса, ол қаржыға мемлекеттің сыйақысы міндетті түрде есептеледі. Анығырақ айтсақ, банк мемлекет атынан салымшыларға өте қолайлы әрі тиімді ұсыныс жасап отыр. Мұндай мүмкіндікті дер кезінде пайдалану керек.
? Мемлекеттік сыйақының ең басты артықшылығы неде? - Салымшының депозитіне банктің өз пайызынан басқа мемлекеттің сыйақысы да есептеледі. Ол салымдардың 200 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын бөлігінің 20 пайызы мөлшерінде белгіленген. Мемлекет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың әрқайсысына үлкен көмек көрсетіп отыр. Мемлекеттік бюджетте жыл сайын банк салымшыларына берілетін төлем алдын-ала белгіленеді. Мәселен, салымшыларға сый ретінде 2005 жылы 150 млн. теңге, 2006 жылы 350 млн. теңге, 2007 жылы 650 млн. теңге төленген. Ал өткен жылғы сыйақы көлемі 1 млрд. 300 млн теңгеге жуықтайды. ? Қазіргідей әлемдік қаржы нарығындағы аумалы-төкпелі кезеңде мемлекеттік сыйақы тұрақтылығын сақтай ала ма? ? Әрине, оның тиімділігі де осында. Салымшы салым салу қабілетінен айырылған жағдайда да сыйақыны бастапқы көлемде алады. Сондай-ақ салымшының тұрғын үй құрылыс жинағы жөніндегі келісімі өзге тұлғаның атына ауысқанда да өзгеріске ұшырамайды. Өткен жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік сыйақының ең жоғары көрсеткіші 47720 теңгені құрады. ? Бүгінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің мақсатты жұмысына қызығушылық танытатындар көптеп саналады. Бұл табыстың сыры неде? ? Тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі баспаналы болуға ұмтылғандардың ауқымды бөлігін қамтып отыр, яғни бұл тұтынушылардың көпшілігіне тиімді әдіс екені дәлелденді. Бұндай іс-шаралар қабылдау уақыттың талабы. Сондықтан банк өз тұтынушыларына осындай қолайлы қызметтер ұсына береді.
? Әңгімеңізге рахмет.