«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» қатысуымен салынған пәтердің шаршыметрі 600-950 доллар аралығында болады - С. Нокин
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
С. Нокиннің айтуынша, Агенттік пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бірлесе отырып жеке инвесторлар мен жергілікті атқарушы органдар арқылы тұрғын үйлерді пайдалануға беру нобайын әзірлеген. Бұл нұсқаға орай, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» санатына, белгіленген бағасына орай тұрғын үйлерді сатып алғысы келетін салымшыларды қалыптастырады, ал әкімдіктер бұндай нысандар үшін инженерлік инфрақұрылымы толық жасақталған жер телімдерін ұсынатын болады. Сонымен бірге, әкімдіктер республикалық бюджет кредиті есебінен тұрғын үйлерді салуды жүзеге асырады. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін, әкімдіктер «ТҮҚЖБ» банк салымшыларымен сатып алу-сату келісімдерін жасайтын болады. Жеке инвесторлардың қолдауымен салынатын үйлер де тура осы үлгіде жүзеге асады. «Жалпы, жергілікті әкімдіктер тұрғын үй құрылысына қатысты бұндай бағытты қолдап отыр. Сонымен бірге, үй бағасына келетін болсақ, әкімдіктердің мәліметтері бойынша Алматы қаласында оның шаршыметрі шамамен алғанда 142,5 мың теңгенің немесе 950 доллардың айналасында болады. Астана мен Ақтау қалаларында бұл көрсеткіш 112,5 мың теңге немесе 750 долларды құрайды. Еліміздің басқа өңірлерінде бұндай жолмен салынған пәтерлердің шаршыметрі 90 мың теңге немесе 600 доллар айналасында болады», деді С. Нокин.