Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекалық заемдары өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әріпхановтың төрағалық етуімен өткен «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Директорлар кеңесінің отырысында банк басшылығы бірінші жартыжылдықтағы қаржы институтының жұмыс нәтижелері бойынша есеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Есептік кезең нәтижелері бойынша ТҮҚЖБ халықтың ұзақ мерзімді салымы нарығында 1-орында тұр. Жинақ ақшасының жалпы көлемі 464 млрд теңгеге немесе екінші деңгейлі банктер арасында жалпы депозит қоржынының 28 пайызына тең»,-деп атап өтілген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова көрсеткіштердің жақсаруына халықтың тұрғын үй жинақ құрылыс жүйесіне деген сенімінің артуымен қатар, 2017 жылдың сәуір айында келісімшарттар бекітудегі комиссияның алынып тасталғанының да ықпал еткенін атап өтті. Осы жылдың төртінші айында 58 390 адам жаңа депозит ашқан, ал 2016 жылдың балама кезеңінде бұл көрсеткіш 20 310-ға тең болатын. Жалпы алғанда бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша ТҮҚЖБ-да 201 523 жаңа келісімшарт ашылды. Бұл 2016 жылдың алғашқы 6 айымен салыстырғанда екі есе дерлік көп.

Есептік кезең ішінде Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы мен баспана сатып алуға берілген заемдар көлемі 155 млрд теңгені құрады, оның 117 млрд теңгесін ТҮҚЖБ бөліп отыр. Бұл бүкіл ел бойынша ресімделген барлық ипотекалық заемдардың 75,4 пайызына тең. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынатын несиелерге деген мұндай сұраныстың қалыптасуына екінші деңгейлі банктер белсенділігінің халықты несиелендіру нарығындағы бірқалыпты ғана дамуы, жылжымайтын мүлік бағасының тұрақталуы және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы әсер етті.

«ТҮҚЖБ несие қоржыны 14,2 пайызға артып, 6 ай қорытындысы бойынша 377,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте банктің басқа екінші деңгейлі банктер арасында сапасы ең жоғары несие қоржынына ие болып отырғанын айта кету керек. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің NPL-ы (төленбегеніне 90 күннен астам уақыт өтіп кеткен заемдар) 0,41 пайызды құрайды, ал қазақстандық банктер бойынша орташа NPL 10,7 пайызға тең», - деп атап өтілген таратылған мәліметте.

Соңғы жаңалықтар