14:52, 07 Желтоқсан 2012 | GMT +5
«Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» 46 мың несие алушыға 145 млрд. теңгеден астам қаражат берді
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкімен» АҚ өз қызметінің бүкіл кезеңінде 46 мың несие алушыға 145 миллиард теңгеден астам сомаға несие берді.

Бүгін «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева осылай мәлім етті.
Басқарма төрайымының айтуынша, кредиттік қоржын құрылымында 81 пайызы тұрғын үй сатып алуға, 12 пайызы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға, 6 пайызы тұрғын үйді жөндеуге, 2 пайызы тұрғын үй салуға және 1 пайызы басқа да мақсаттарға арналған несиелер.
«Болжамдарға орай, 2020 жылдың соңына қарай біздің банкте жаңа несие берудің жалпы көлемі 1 триллион теңгені құрайтын болады. Тұрғын үй салу және сатып алуға берілетін несиелер бойынша нарық үлесі 20 пайызға дейін өседі», - дейді Н. Наурызбаева.