Тұрғын үйлерді күтіп ұстау және энергия үнемдеу мәселлері талқыланбақ
АСТАНА. 17 қркүйек. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 20-21 қыркүйекте Алматы және Талдықорған қалаларында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ
Алматы қаласы мен облысы әкімдіктерінің және «Нұр Отан» ХДП филиалының қолдауымен жергілікті атқарушы органдар, коммуналдық кәсіпорындар мен барлық қызығушылық танытқан тұлғалардың қатысуымен пәтер иелеріне, кондоминиум объектісін басқару органдарының басшыларына арналған «Тұрғын үй ғимараттарында энергия үнемдеу: тиімді басқару және энергия тиімділігі технологиялары» тақырыбында көшпелі семинар өткізіледі. Бұл туралы аталмыш орталық хабарлайды.
Семинардың мақсаты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нарығына қатысушыларды Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысы туралы ақпараттандыру. Тыңдаушыларға кондоминиум объектісін тиімді басқару мен күтіп ұстаудың жаңа тәсілдері және тұрғын үй шаруашылығына энергия тиімділігі технологияларын енгізу мүмкіндіктері туралы айтылады. Сондай-ақ тыңдаушылар Алматы қаласының бірнеше көп пәтерлі тұрғын үйлерінде болып, кондоминиум объектісін басқару және күтіп ұстау тәжірибесімен танысады.
Семинар шеңберінде қатысушылар пайдалы және қажетті ақпарат алып ғана қоймай, сонымен бірге өз сұрақтарына мамандардың жауаптарын ала алады. Семинар көп пәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу ұйымдастырып, оны жүргізу мәселелері бойынша пысықталған жұмыс тәжірибесін, пікір алмасуға арналған пікірталас алаңқайына айналмақ.