Тұрғындар салымы нарығындағы өзгерістер халықтың банктерге деген сенімінің өскенін көрсетеді – Б.Ізбасаров, ҚР Ұлттық банкі БҚ филиалының төрағасы

ОРАЛ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Қазақстан 15 қарашаны ұлттық влюта - Теңге күні ретінде атап өтеді. Бұл - сондай-ақ қаржы саласы қызметкерлерінің төл мерекесі. Осыған орай ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының төрағасы Борис Ізбасаров ҚазАқпарат тілшісіне елдегі және өңірдегі қаржы жағдайы жөнінде әңгімелеп берді.

Тұрғындар салымы нарығындағы өзгерістер халықтың банктерге деген сенімінің өскенін көрсетеді – Б.Ізбасаров, ҚР Ұлттық банкі БҚ филиалының төрағасы

-Борис Ізбасарұлы, сарапшылардың пікірінше, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс «салқынынан» өсім қарқыны сәл-пәл төмендегенмен, еліміздің экономикасы «белін бүкпей, бойын тіктеп» алды. Соңғы жылдары өңірдегі несие нарығындағы жағдай қалай қалыптасты?

-2007 жылғы басталған дағдарыс экономикаға, банк жүйесіне өз әсерін тигізді. Банк саласындағы көрсеткіштердің алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеуі 2008 жылы байқала бастады. Батыс Қазақстан облысының экономикасына салынған несие қаражаты 2009 жылғы 1 қаңтарда 93,2 млрд. теңгені құрады және 2008 жылы ол 2,3 пайызға азайды. Ал 2009 жылы банктердің несиелеуі 27,1 пайызға төмендеп, 55,1 млрд. теңге болды.

Сонымен қатар бұл жылдары банктерде мерзімі өткен несие көлемі өсті. 2008 жылы мұндай несие көлемі 4,8 есеге көбейді. Ал 2009 жылы мерзімінде қайтарылмаған несие көлемі 2,2 есеге өсіп, 6 млрд. теңгеге жетті. Алдыңғы жылдары қайтарылмаған несие өсімі жеке тұлғалардың үлесінде болса, 2008 жылы оған заңды тұлғалар несиелері бойынша берешектер қосылды. Сөйтіп, мерзімі өткен несие көлемі 5,8 есеге, яғни 0,2 млрд. теңгеден 0,9 млрд. теңгеге өсті. 2009 жылы оның шамасы ұлғайып, 2010 жылдың басында 2,2 млрд. теңге болды.

2007 жылы тұрғындарға 29,3 млрд. теңгенің тұтыну несиесі берілсе, 2008 жылы бұл көлем үш есеге қысқарды. 2009 жылы алты есеге азайды. 2007 жылмен салыстырғанда 2008 жылы ипотекалық несие беру 2,4 есеге, 2009 жылы 4,2 есеге азайды. Сонымен қатар тұтынушылық несие қарызы екі жыл ішінде 5,6 есеге, ипотека бойынша 14,1 есеге көбейді.

Қазіргі уақытта несиелеу көлемінде өзгерістер көрінбейді. Тоғыз айдың ішінде негізгі қарыз шамасында өзгерістер жоқтың қасы. Тұтынушылық және ипотекалық несиелеуде аз-маз қозғалыс бар. Тоғыз айда осы мақсаттардағы берілген несие өткен жылғыға қарағанда 9,2 пайызға өскен. Сонымен бірге мерзімі өткен несие көлемінің өсу қарқыны төмендеп отыр. Былайша айтқанда, банктердің несие портфелінде аздаған ілгерілеушілік байқалады. Бұған мемелекеттің ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруы, шағын және орта бизнесті қолдауы, тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы қолдау бағдарламасының іске қосылуы, займдарды қайта құрылымдау, банктердің несие саясатына талапты қатаңдатуы әсер етті деп ойлаймын.

2010 жылдың қазан айында ҚР Ұлттық банкі «Несие нарығының жағдайы және болжам параметрлері» атты екінші деңгейдегі банктерге кезекті зерттеулерін жүргізді. Оның қорытындысы Ұлттық банк сайтында орналастырылған. Бұл зерттеулер заңды тұлғалар тарапынан несие ресурсына деген сұраныстың аздап өскенін және банк саясатының сапалы заем алушыларға «жұмсарғанын» көрсетті. Қазір несиелеудің бөлшек нарығында, әсіресе, тұтынушылық несие беруде серпіліс бар.

-Ұлттық банк өтімділікке қатысты түйінді түйткілдің жоқтығын әлденеше рет атап көрсетті. Алайда екінші деңгейдегі банктер заңды және жеке тұлғаларды несиелендіруде немқұрайлылық танытуда. Неге бұлай деген сауал мазалайды?

-Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, 2007-2008 жылдары өтімділікке қатысты орын алған проблемалар 2009 жылдың екінші жартысында шешілді. Бүгінде керісінше өтімділіктің шамадан тыс молдығы мәселесі пайда болды. Биылғы қазан айындағы мәліметке сүйенсек, банктердегі қаржы көлемі 1,5 трлн. теңгені құрайды. Бос өтімділік қаржының шамасы 10-11 млрд. теңгедей. Сондықтан Ұлттық банк бұл қаржының жартысын нақты экономиканы несиелендіруге жұмсауға болады деп санайды, бірақ іс жүзінде әлі өзгеріс жоқ.

Банктерді де түсінуге болады. Өйткені халықаралық нарықтағы заемдық қорлар қымбат, банктердің ссудалық портфелінің сапасы төмен. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, банктер несие беруге келгенде тәуекелділікті жан-жақты сараптап, «екі шұқып, бір қарайтын» жағдайда. Олардың бұлай істеуі қаржылық қадағалау агенттігінің талабына, несиелеу талабын күшейтуіне байланысты болып отыр. Сол себепті банктердің несиесі қымбат. Банктер ссудалық портфельдің сапасын жақсарту шараларынан кейін несиелеу белсенділігі күрт өседі деп күтілуде. Ұлттық банк қол қусырып отырған жоқ, өткен жылы бос қаржыны экономиканы несиелеуге бағыттау шараларын алды. Соған орай Ұлттық банк банктерден тартылатын депозиттердің мерзімі мен сыйақы мөлшерлемесін азайтты. Үкіметіміз де нақты секторды дамытуға қажетті жағдайлар жасау мәселесін шешуде.

Қазір Үкімет экономикалық саясатта «Жол картасы» бағдарламасына, агроөнеркәсіп саласы мен шағын және орта бизнеске демеуқаржы беруге, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға, кепілдік беруге және өзге де шараларға баса назар аударып отыр. Ел экономикасының шикізаттық бағдар ұстағаны мәлім, сондықтан экономикамыздың мұнай мен газдың әлемдік бағасы мен сұранысына деген тәуелділігін кеміту бағытында 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

Облыста «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 546,2 млн. теңге, соның ішінде 181,4 млн теңге пайыздық мөлшерлемені азайтуға, 87,8 млн. теңге несиені кепілдендіруге, 187,2 млн. теңге индустриялық инфрақұрылымды дамытуға, 50,7 млн. теңге сервистік қызметке, 39 млн. теңге экспортқа бағытталған өндірістерді қолдауға бөлінген. Құны 4,2 млрд. теңге тұратын 12 жоба облыстық үйлестіру кеңесінде мақұлданып, оның 9-ы ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінде қолдау тапты.

-Бүгінде банктердің қарызын қайта құрылымдауға байланысты не өзгерістер болды және сыртқы қарыз қандай?

-Өткен жылғы көктемде «БТА банк», «Альянс Банк», «Темірбанк» АҚ қатысты қайта құрылымдау жұмыстары басталып, биыл аяқталды. Үш банктің 11 млрд. доллар шамасындағы қарызы «жабылды». Қалған қарыздары банктердің акцияларына, құнды қағаздарына салынды.

Ұлттық банктің 1 қазандағы мәліметіне сілтеме жасасақ, 2010 жылдың бірінші жартыжылдығындағы Қазақстанның сыртқы қарызы 3,7 млрд. долларға төмендеген.

-Дағдарысқа байланысты депозиттік базада қандай өзгерістер болды?

-Депозит құрамында тұрғындардың салымы айрықша басымдыққа ие, облыста ол 87,7 пайызды құрайды. Еліміздегі дағдарыстың ресми басталуы 2007 жылдың тамыз айы деп саналады. Сондықтан халықтың көзқарасы бірден байқалды. Депозиттер жабылып, теңгемен салынған салымдар валютаға ауыстырыла басталды. Шетел валютасының қолма-қол нарығындағы мұндай дүрбелең валюталық салым құрылымдарына әсер етпей қалмады. Сол жылдың 3-4 тоқсандарында теңгелік депозиттерге қарағанда валюталық депозиттер өсімі қарқын алды. 2008 жылдың 1 қаңтарында валюталық депозит 28,5 пайызға, теңгелік депозиттер 12,1 пайызға өсті. 2007 жылғы Америкадағы ипотекалық несие дағдарысына байланысты жағдайлар халықтың көңіл күйін түсірді. Тұтыну нарығында баға өсті. 2007 жылы депозит нарығындағы даму көрсеткіштері оң болғанымен, 2006 жылға қарағанда өсім қарқыны төмен болды.

2008 жылы депозиттер көлемі 17,5 пайызға, соның ішінде заңды тұлғалардікі 20,7 пайызға, ал жеке тұлғалардың депозиттік салымдары 17,1 пайызға өсті. Девальвацияға байланысты тұрғындардың алаңдаушылығы 2008 жылдың аяғында басталып, 2009 жылы да жалғасты. Сөйтіп, теңгелік депозиттер валюталыққа ауыстырылды. 2009 жылғы қаңтарда тұрғындардың теңгелік салымдарының көлемі 17,3 пайызға төмендеді, шетел валютасындағы салымдар 48 пайызға өсті. Ал заңды тұлғалар салымдары ұлттық валютада 2,8 есеге, шетел валютасымен 3,2 есеге ұлғайды.

2009 жылы ақпанда теңгені девальвациялау жүргізілгеннен кейін жеке тұлғалардың ұлттық валюталық шоттарынан қаржы ағыны жыл бойына толас таппады. Жағдай тек төртінші тоқсанда түзеле бастады. 2009 жылы тұрғындардың депозиттері 3 пайызға азайды, ал шетел валюта депозиттері 1,9 есеге өсті. Бұл жерде депозиттерге қатысты статистиканың теңгемен жүргізілгенін ескеру керек, дегенмен өткен жылы шетел валюталы депозиттер көлемі едәуір өскені байқалды. Аймақтық банктердің бөлімшелеріндегі шоттардағы депозиттер көлемі 26,6 млрд. теңгеден 34,2 млрд. теңгеге дейін көбейді.

-Қазіргі үрдістер қалай жүруде?

-Биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша депозиттер көлемі 40,9 млрд. теңгені құрап, жыл басынан бері 19,5 пайызға өсті. Шетел валютасындағы депозиттер 1,5 пайызға өсіп, 16,1 млрд. теңгеге жетті. Депозиттік салымдарды долларға ауыстыру 6,9 пайызға төмендеді. Ұлттық валютадағы депозиттер 34,9 пайызға өсіп, 24860,9 млн. теңгені құрады. Жеке тұлғалар депозиттері көлемі 9 ай ішінде 19,8 пайызға өсіп, 35,3 млрд. теңгеге жетті. Оның ішінде теңгелік салымдар 32,7 пайызға, шетел валюталы салымдары 3,3 пайызға өскен. Заңды тұлғалар депозиттері 17,6 пайызға өсіп, 5589,3 млн. теңгеге жетті. Оның ішінде теңгелік депозиттер 55,2 пайыз, шетел валютасы 6,1 пайыз. Тұрғындар салымдары нарығындағы өзгерістер халықтың банктерге деген сенімінің өскенін көрсетеді. Мұның өзі облыс экономикасының тұрақтылығымен, табыстың өсуімен, жеке тұлғалардың 700 мың теңгеден 5 млн. теңгеге дейінгі салымдарына кепілдік берілуімен тығыз байланысты. Бұл норма 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін күшін жоймайды.