Туристер мен турагенттіктер арасындағы 40-тан астам дау сотта қаралып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында туристерден қандай мәселе бойынша жиі шағым түсетінін айтты.

туризм, дети
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Негізінен уәкілетті органға туристерден туркомпаниялардың шарт талаптарын орындамауына, сондай-ақ жалған компаниялардың немесе жеке тұлғалардың алаяқтық әрекетіне қатысты шағымдар түседі. Өз кезегінде алаяқтық жағдайлары анықталған кезде министрліктің туризм индустриясы комитеті өз құзыреті бойынша құқық қорғау органдарына тиісті хат жібереді. Туризм индустриясы комитетінің сайтында азаматтар туристік компанияларға жүгінген кезде турагенттік қызмет туралы хабарламаның бар-жоғын және туроператор лицензиясының бар-жоғын тексере отырып, барлық қажетті құжаттарды сұрату қажеттігі туралы ескертілген. Сонымен қатар, комитет пен жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында туроператорлардың, турагенттердің өзекті тізілімі жарияланған», — дейді министрлік.

Осындай шағымдардың негізінде туристік операторлардың 9 лицензиясы уақытша тоқтатылған.

«Туризм және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің бастамасымен „Туристік Қамқор“ корпоративтік қорымен, Астана және Алматы қалаларының туризм саласындағы басқармаларымен бірлесіп, Қазақстан заңнамасын бұзған туристік операторлардың 9 лицензиясын тоқтата тұру жөнінде шешім қабылданды. Қазіргі таңда туризм индустриясы комитеті үшінші тарап ретінде азаматтардың туркомпанияларға талап қоюы бойынша 40-тен астам сотқа қатысып жатыр, оның 35-ке жуығы оң шешіммен аяқталды», — делінген министрлік жауабында.

Соңғы жаңалықтар