Туристік аймақ пен жағажайды таңдағанда нені ескеру керек
АСТАНА. KAZINFORM – Жазғы демалыс маусымында жағажай мен туристік аймақты таңдағанда оның санитариялық жағдайына ерекше мән берген жөн. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты.
Оның сөзінше, қауіпсіз демалыс үшін ең алдымен жағажай мен жағалау аумағының тазалығына назар аудару қажет.
– Демалыс орнын таңдағанда жағажайдың санитариялық жағдайын бағалаңыздар. Аумақта қоқыс жәшіктері мен қалдықтарға арналған контейнерлердің, қоғамдық дәретханалардың, қауіпсіз ауыз судың болуы, аумақтың тұрақты тазартылып тұруы және жеке бас гигиенасын сақтауға жағдай жасалуы маңызды. Заңнамада көзделген жағдайда нысанның санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысының бар-жоғын да тексерген жөн,– деді Сархат Бейсенова.
Спикердің айтуынша, тұрғындар санитариялық талаптардың бұзылғанын байқаса, бұл туралы Комитеттің аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттеріне хабарлай алады.
– Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет туристік аймақтар мен қоғамдық жағажайлардың қауіпсіздігін тұрақты бақылауда ұстайды. Бұл жұмыс халықтың денсаулығын қорғау және жұқпалы аурулардың алдын алу үшін жалғасады, – деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық талаптарды бұзған 470 демалыс нысанының жұмысына шектеу қойылғанын мәлімдеген еді.