«Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» мәртебесі аясында Алматыда 50-ден астам іс-шара өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыға «Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» мәртебесінің берілуіне байланысты қалада түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Жыл бойы жүзеге асырылып жатқан бастамалар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жастары арасындағы байланыс, өзара пікір алмасу және мәдени ықпалдастықты дамытуға бағытталған. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» мәртебесі аясында Алматыда 50-ден астам іс-шара өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Осы мәртебе аясында Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен Алматыда бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өтті. Атап айтқанда, III жастарға арналған алмасу бағдарламасы, жас көшбасшылар мен кәсіпкерлер кездесулері, Turki Fest Almaty-2025 мәдени фестивалі, «Жайдарман» TURKI CUP-2025 халықаралық фестивалі және өзге де маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.

«Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» мәртебесі аясында Алматыда 50-ден астам іс-шара өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қаладағы жастар комьюнити-орталықтарының жұмысына да ерекше мән беріліп отыр. Бұл орталықтарда жастардың қатысуымен әртүрлі форматтағы іс-шаралар өткізілуде. Олардың қатарында білім беру және мәдени бастамалар, пікір алмасу алаңдары, түркітанушылармен кездесулер, халықаралық диалогтық сессиялар, сондай-ақ цифрлық дағдылар мен креативті индустрияны дамытуға арналған шеберлік сабақтары бар.

Жыл басынан бері комьюнити-орталықтарда 50-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 3 мыңнан астам жас қатысты.

«Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» мәртебесі аясында Алматыда 50-ден астам іс-шара өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Түркі әлемінің жастар астанасы» жылы аясында жастар бастамаларын қолдауға, еріктілер қозғалысын дамытуға және жастарды қоғамдық әрі әлеуметтік жобаларға тартуға басымдық берілуде. Бұл мәртебе халықаралық байланыстарды кеңейтіп, тәжірибе алмасуға жол ашып, түркі елдері жастары арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етті.

Алдағы уақытта Digital Turkic Youth форумы, Түркі мемлекеттері ұйымының Жастар платформасының III Бас ассамблеясы, V халықаралық жастар лагері, сондай-ақ ұйымға мүше елдер арасында Студенттік экологиялық хаб құру сияқты маңызды іс-шараларды өткізу жоспарланған.

«Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» мәртебесі аясында Алматыда 50-ден астам іс-шара өтті
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жыл соңында «Түркі әлемінің жастар астанасы – 2025» жылының жабылу рәсімі өтіп, бұл мәртебе келесі қалаға табысталады.

Айта кетейік, бұған дейін «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» атты деректі фильмдер топтамасы Түркияда көрсетілді.