Түркі халықтарының мәдениетіне қатысты платформа құру жөніндегі жұмыс жанданданады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев түркі халықтарының тарихына қатысты материалдарды жинақтау бойынша ұсыныс айтты.
— Жасанды интеллект негізінде түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдарды жинақтайтын арнайы цифрлық платформа құру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұл жоба көптілді форматта жасалуы тиіс. Сонда, кез келген адам онлайн режимде түркі өркениетінің мол мұрасымен танысып, оны зерделей алады. Қазақстан бұл бастамалар бойынша жан-жақты цифрлық шешімдер ұсынуға дайын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Түркістан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары — Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылып отыр.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Түркі өркениеті орталығын құру туралы шешім қабылдады.