Түркі халықтарының тарихы туралы екі томдық жинақ шығады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Түркі халықтарының ортақ тарихын қамтитын екі томдық академиялық басылым дайындалады. Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде түркі мемлекеттерінің ортақ академиялық тарихын жазу мәселелерін талқылауға арналған екінші ғылыми жиын өтті.
                                              Ортақ тарих туралы жазу Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде көтерілген болатын. Халықаралық Түркі академиясының үйлестіруімен қолға алынған жобаға қазір ғалымдары мен сарапшылары тартылып жатыр.
Бірінші том география, саяси және этникалық тарих жайында болса, екінші кітапта мәдениет жағы қамтылмақ. Мамандардың айтуынша, мұндай еңбек түркі әлемінің ортақ тамырын айқындап, халықтардың туыстығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге жол ашады.
— Әрбір елдің ондаған жылдар бұрын қалыптасқан өзіндік тарихи тұжырымдамасы бар. Аталған жобадағы басты міндет — осы ортақ тұжырымдаманы қайта бекітіп, екі томдық еңбектің алдын ала құрылымын айқындау. Түркі халықтарының тарихы аса ауқымды уақытты, мыңдаған жылды қамтиды. Сондықтан бұл тек жекелеген тараулар мен бөлімдерді жазумен шектелмей, ең алдымен ортақ қорытындыға келуді талап етеді, — деді Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев.

Ш. Мұстафаев ғалымдардың күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтіп, бұл бастама түркі халықтарының бай тарихи мұрасын жүйелі әрі объективті түрде көрсетуге жол ашатынын алға тартты.
Кездесуге жиналған тарих, археология институттарының жетекшілері, белгілі ғалымдар мен сарапшылар болашақ монографияға қатысты ұсыныстарын ортаға салып, оның мазмұндық құрылымын талқылады. Сондай-ақ ғылыми еңбектің екі томының жұмыс жоспары және орындалу мерзімі бекітілді.
— Біздің басты мақсатымыз тарих бойы қалыптасқан мәдениетіміз бен жетістіктерімізді болашақ ұрпаққа жеткізу. Бұл еңбек түркі халықтарының әлемдік өркениетке қосқан үлесін айқындап, олардың өзге жұртпен бейбіт өмір сүріп, ортақ өркениет құруға ұмтылғанын көрсетеді. Біз бүгін ортақ тарихи жадыны қалыптастырып, түркі дүниесінің болашағына бағыт-бағдар беретін тарих жазу үшін жиналдық. Осы кездесудің бүкіл түркі әлемі үшін табысты боларына сенемін, — деді Түрік тарих қоғамының төрағасы Юксель Өзген.
Айта кетейік, түркі мемлекеттерінің ортақ тарихын жазу туралы бастама 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитінде көтеріліп, мемлекет басшыларының тапсырмасына сәйкес жобаны жүзеге асырушы ұйым ретінде Түрік Академиясы бекітілді.
Бұл жоба бойынша алғашқы жұмыс кездесуі биылғы ақпан айында Анкара қаласында өтіп, тараптар ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойған еді. Сондай-ақ, аталған жиында еңбектің жалпы жоспары және тұжырымдамасы талқыланып, екі томдық басылым дайындау жөнінде шешім қабылданып, әрбір қатысушы елден ұлттық комиссиялар құрылды.
Осыдан бұрын Түркі Академиясының құрылғанына 15 жыл толғаны хабарланды.