Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Түркістан қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталды. Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбына арналған жиын Қазақстанның төрағалығымен ұйымдастырылып отыр. 

Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті басталды
Фото: Ақорда

Саммитке ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары – Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев келді. 

Сонымен қаттар бұл маңызды жиынға бақылаушы елдердің өкілдері, ұйымның Бас хатшысы, Ақсақалдар кеңесі мен түркі ынтымақтастық ұйымдарының жетекшілері қатысып отыр.

Биылғы саммиттің Түркістанда өтуі де кездейсоқ емес. Тарихы терең, түркі халықтарының ортақ мәдениеті мен рухани тамырын тоғыстырған шаһар бүгінде түркі әлемінің саяси әрі мәдени ықпалдастығын нығайтатын маңызды орталыққа айналып келеді

Еске салсақ, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК немесе Түркі кеңесі) 2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Түркия президенттері қол қойған келісім негізінде құрылды.

2021 жылғы қарашада Ыстанбұлда өткен ТМЫК VIII саммитінің қорытындысы бойынша ұйым Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) болып қайта аталды.