Түркі академиясы Әмір Нәжіптің жарияланбаған түркі тілдерінің сөздігін басып шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада ІІ Еуразия халықаралық кітап көрмесі аясында Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) аса көрнекті түркітанушы ғалым, көне түркі және қазіргі түркі тілдерінің білгір маманы Әмір Нәжіптің «ХІV ғасыр түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сөздігі «Құтыптың Құсрау-Шырын еңбегі негізінде» атты 4 томдық еңбектің тұсаукесер рәсімін өткізді.

Тұсаукесерге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым басшылары, Қазақстандағы дипломатиялық корпус жетекшілері, белгілі түркітанушы, әдебиетші ғалымдар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлемдік түркология ғылымы үшін құнды саналатын бұл сөздік толық нұсқада тұңғыш рет жарияланып отыр. Көптомдықты оқырман қауымға Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі таныстырды. «Әмір Нәжіп шын мәнінде өте үлкен тұлға. Өзі қазақ жерінде дүниеге келгенімен, Орталық Азияға еңбегімен танымал тұлға. Ғалымның қолжазбалары академик Әбдуәлі Қайдар ағамыздың қамқорлығының арқасында Түркі академиясына жетті. Осы кітаптар бүгін төрт томдық ретінде жарық көріп отыр», - деді жиын барысында Дархан Қыдырәлі.
Оның бағалауынша, бұндай дүниенің жарыққа шығуының өзі әлемдік түркологияға қосылған сүбелі үлес. Өйткені, «бұл орта ғасырдағы бүкіл түркілер шығармаларының сөздігі, ал ондай сөздіктер тек Мәскеуде ғана жарық көретін».
Әмір Нәжіп Алтын орда дәуірінде жазылған Құтыптың «Хұсрау мен Шырыны» атты аса құнды әдеби көркем шығарманың ішіндегі 2500 сөзді қамтитын «Историко-сравнительный словарь тюркских языков XIV века» деп аталатын 4 томдық еңбегін бітіріп, көзі тірісінде баспаға тапсырған болатын. Өкінішке қарай, бұл еңбектің бірінші томы ғана 1979 жылы Мәскеуде жарыққа шықты да, қалған томдары ғалымның көзі тірісінде басылмай, тоқтап қалады.
Ғұлама ғалым Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған елең-алаңда өзінің сырлас бауыры, академик Әбдуәли Қайдариге қолжазба мұраларын аманаттапты. «Мен ақыл-ойымды түркологияға бағыштадым. Денем Мәскеуде қалады, бірақ сүйегіме қазақтар ие болады, жүрегім де сендермен бірге... Ортағасырлық жазба ескерткіштердің көбісі бүгінгі қазақ жерінде дүниеге келген, демек олардың мұрагерлері де - сендерсіңдер. Мен олардың біразын жарияладым. Бірақ жарияланбағандары да бар. Екі-үш том етіп қолжазбасын дайындап қойдым. Жариялап, шығаруды аманат етем» деген екен ол.
Айта кетерлігі, жарыққа шығып отырған іргелі де кешенді еңбекте ескі ескерткіштегі 2500 сөз түркі тілдерінің тарихи сөздіктері мен XI-XV ғасырлар аралығында жазылған 20-дан астам көне әдеби жәдігермен, сондай-ақ 20-дан астам қазіргі түркі тілдерінің бай материалымен салыстырыла берілген. Араб-парсы, сонымен бірге моңғол, бурят, қалмақ тілдерімен де қажетінше салыстырулар жасалған.
Аса көрнекті түрколог Әмір Нәжіп 1899 жылы бұрынғы Семей облысы, Мақаншы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Алдымен ауыл молдасынан, кейін ҚХР Шәуешекте Ресей консулының жанынан ашылған гимназияда, одан кейін Семейде мұғалімдер семинариясында оқығанда әлем тілдерінінің сырын тануға сәтті қадам жасап, орыс, араб, парсы тілдерін үйренеді. 20-дан астам түркі халықтарының тілінде еркін сөйлеп, жаза да білген филология ғылымдарының докторы, профессор, түркологтардың Кеңестік Комитетінің мүшесі, Түркия Түрік тілі құрылымының мүшесі болған.
Тоқтала кететін жайт, бүгінгі шара аясында тағы төрт кітаптың тұсауы кесілді. Олар академик Әбдуәлі Қайдардың 2 томдығы, Түркі академиясының «Түркі ортақ латын әліпбиі», сонымен қатар, «Махамбеттің жырлары» моңғол тілінде кітабы таныстырылды. Махамбетті моңғол тіліне аударған - ақын Жүкел Хамай. Бұдан бөлек, академик Мырзатай Жолдасбековтың 80 жылдығына орай автордың «Көне түрік жазбалар ескерткіші» кітабының тұсауы кесілді.
