Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палатасы қандай мәселелермен айналысады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палатасы маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палатасы қандай мәселелермен айналысады

«Түркі тілдес елдермен біздің тарихымыз, мәдениетіміз бір. Енді бұл байланысты кәсіпкерлік салада арттыру маңызды. Түркі тілдес мемлекеттерде 152 млн-ға жуық адам бар, ал жылдық ЖІӨ көлемі 1 трлн доллардан асады. Бұл үлкен нарықты дұрыс қолдана білуіміз керек», - деді Абылай Мырзахметов елордада өтіп жатқан ХІІ Астана экономикалық форумы аясында Түркі елдері сауда-өнеркәсіп палатасының Іскерлік кеңесінде.

А. Мырзахметовтің айтуынша, Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палатасы ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік бағытында кәсіпкерлік жобаларды арттыру туралы келісімге келді.

Қазіргі таңда экспортпен айналысатын қызметкерлердің кәсіптік білімін жетілдіру және кедендік бақылау жұмыстарын талаптарға сәйкес жүргізілуі туралы заңнамалық құжат әзірленуде. Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП түркиялық әріпестермен бірлесіп, сауда-саттықты жеңілдететін, кәсіпкерлер қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін ортақ мобильді қосымша құрастыруда.

Бұған дейін, Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палатасын құру туралы құжат қабылданғандығы туралы хабарлаған болатынбыз.

Авторы: Ә. Асқар