Түркі тілдес елдерге Кеден одағы керек пе? - баспасөзге шолу
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 2 тамыз, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Қазақстандық қалталылар енді жеті аталарынан безіп, тегін өзгертіп жатқан көрінеді. Бәрі таза аристократ болғысы келеді. Оларға «Хан тұқымы» деген атақ емес, феодалдық заманнан қалған ақсүйектік заң сақталған Ұлыбритания, Франция, Польша, Италия, Германия сияқты еуропалық елдердің титулдық атағы керек болыпты. Ақшалы шенеуніктер әлемдік дағдарысқа да қарайтын емес, шетінен граф, барон, маркиз, герцог болып жатыр, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.
Басылымның мәліметінше, жылжымайтын мүліктерді сату жөніндегі агенттіктің басшысы Геннадий енді қазақстандық қалталыларға ақсүйектік атақ алып берумен айналысып жүрген көрінеді. Оның айтуынша, ең арзаны - француздың дворяны атағы екен. Құны бестен он бес мың еуро тұрады. Қазақстандық бір азамат 40 мың еуроға «маркиз» атағын сатып алыпты, ал екіншісі 20 мың еуроға «поляк герцогы» атағын алған. Ұлыбританиялықтар аристократтық титулды басқа ұлттың адамына беруге аса құлықты емес. Біздің байлардың бірі «шотландық барон» атағы үшін 120 мың еуро бермекші болған екен. Бірақ «тауарды» жергілікті адам алып кетіпті.
Сөйтіп, қалталы қазақстандықтар инвестицияны аристократиялық атаққа да салып жатыр екен. Бір жағынан бұл да құнды қағаздардың бір түрі сияқты, тақырға отырған кезде кішкене қымбаттатып, қайта сатып жіберуге болады, дейді басылым. Мақала «Текті де сатып алуға болады» деген тақырыппен берілген.
Қазіргі кезде денсаулыққа зиянды тағамдардың әлемдік нарыққа шығатын басты көзі Қытай екендігі бәріне белгілі. RAPEX мәліметінше, былтыр Қытай өнімдерінің 58 пайызы адам өміріне қауіпті екендігі анықталған.
Жақында Ресей Федерациясының Бас санитарлық дәрігері, «Роспотребнадзордың» жетекшісі Геннадий Онищенко Ресейде «Қазақстанда жасалған» деген маркировкамен қытайлық тауарлардың көбейіп кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Қазақтың тауарын Қытай шығарып жатыр» деген мақалада айтылады.
Басылымның мәліметінше, Ресейге Қытай тауарлары Қазақстан жағынан, Еуропа тауарлары Беларусь жағынан жеткізілуде екен. Бас санитар Онущенконың айтуынша, Кедендік Одақ елдерінен Ресей нарығына шығарылатын азық-түлік өнімдерінің сапасы нашар. Беларусьтардан Ресейге келетін сүт өнімдерінің көлемі өздерінде өндірілетін көлемнен әлдеқайда көп екен. Демек, Беларусь арқылы еуропалық елдер тауарларын өткізуде. Қазақстанда жасалған тауарлар Қытайдан шығып жатыр. Оның бәрін ресейліктер біліп отырғанға ұқсайды. Ресей азық-түліктің сапасына қатты қарай бастады. Жақында Украинаның «Рошен» кәсіпорнының кондитерлік өнімдерін алудан бас тартты. Украина шығаратын кәмпиттердің сапасы нашар екен.
Бізде азық-түліктің сапасын анықтап жатқан ешкім жоқ, адам денсаулығына зиянды тағамдар келіп жатыр. Жақында ғана Ауыл шаруашылығы министрі Кедендік Одаққа мүше елдерден импортпен келетін тауықта улы заттардың мөлшерден көп екендігін мәлімдеді. Біздің Ресейдің еті немесе Беларусьтің тауығы деп жүргеніміз Қытайдан шыққан өнімдер болуы әбден мүмкін, дейді басылым.
Алдағы уақыттта Түркі Кеден одағы құрылуы мүмкін. Түркі тілдес елдер Парламент ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасанов осындай пікірде.
Оның айтуынша, тамыздың 15-16 күні Әзірбайжан астанасы - Бакуде өтетін Түркі тілдес елдердің мемлекет басшылары бас қосатын саммитте осы мәселе күн тәртібінде тұр. Егер де президенттер бұл мәселені қабыл алып жатса, онда ассамблея тез арада заңдастыруға аса мүдделі көрінеді. Бұл жайында «Айқынның» «Түркі тілдес елдерге Кеден одағы керек пе?» деген мақаласынан оқи аласыздар.
Бірінші рет, Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіз республикалар пайда болған тұста, түркі жұртын аралай шыққан Түрік президенті Тұрғыт Өзал Түркі бірлестігі туралы сөз етті. Одан кейін араға ондаған жылдар салып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселені ту етіп көтерді. Рас, түркі жұрты арасында мәдени, рухани байланыс бар. Бірақ ол одақтық деңгейге көтеріле алған жоқ. Ал, алдағы уақыт ішінде осы мемлекеттер арасында Кеден одағы құрылып, асығы алшысынан түсіп жатса, одан кейін саяси одақ құру да қиын тимесі анық, дейді басылым.
***
2014 жылы Сочиде өтетін ХХІІ қысқы Олимпиада ойындарының басталуына 200 күндей қалды. Қазақстан құрамасы бұл байрақты бәсекеге 6-шы рет қатысқалы отыр. Осынау төрт жылда бір келетін дүбірлі додаға дайындық қалай жүріп жатыр, құраманың алдына қандай мақсаттар қойылып отыр? Осы және басқа да сұрақтарға «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің Ұлттық штаттағы командалар және спорттық резерв дирекциясының басшысы Полат Қырықбаев жан-жақты жауап береді.
Оның айтуынша, еліміз құрамасының көрсетіп жүрген өнері алдағы Олимпиада ойындарында олардың барынша бәсекелестікке қабілетті болып, жоспарланған межедегі лицензияларды жеңіп алуына сенім тудырады. Ал шаңғы жарысы, биатлон, мәнерлеп сырғанау, фристайл-могул, коньки жарысы сияқты спорт түрлерінен қатысатын спортшыларымыз жүлделі орындардан көрінуі әбден мүмкін.