Түркістан облысында 37 тұлға пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында биылғы сегіз айдың ішінде 37 тұлға пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында 37 тұлға пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған

Бұл туралы брифингте облыс бойынша ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Жедел басқармасының басшысы Сұлтан Пірметов мәлімдеді.

Сұлтан Пірметовтың айтуынша, жыл басынан бері департаментте 72 қылмыс тіркелген. Оның 59 сыбайлас жемқорлық қылмысы болса, 31-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады.

«Атап айтсақ, парақорлық бойынша – 37, жүйелі қылмыстар – 2, облыстық деңгейдегі лауазымды тұлға – 2, мемлекеттік бағдарлама – 8, шағын кәсіпкерлікке заңсыз араласу бойынша – 14 құқықбұзушылық дерегі анықталған. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды сотқа дейінгі тергеу бойынша сегіз айда департаменттің өндірісінде болған жалпы 254 қылмыстық істің, 172-сі өндіріспен аяқталған. 58 қылмыстық іс бойынша айыптау актісі сот қарауына жолданды», – деді Сұлтан Пірметов.