Түркістан облысында ауыл тұрғындары аудан әкіміне мәселелерін жеткізді

Ауыл тұрғындары әкімнен ауыз су мен жер телімдеріне қатысты проблемаларын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкіміне келген тұрғындардың бірі Ерболат Естаев жер мәселесін жеткізсе, Темірлан ауылының тұрғыны Абай Атамбаев ауыз судың нашарлығы жөнінде айтты. Тағы бір азамат кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Батыс-Қытай, Батыс-Еуропа күре жолының бойынан жер телімін алуға көмек сұрады. Қабылдауда болған өзге тұрғындар тұрғын үй мен Арыстанды ауылындағы туындаған мәселені көтерді. Коммуналдық тұрғын үйлердің құжаттарын дұрыстауға көмек сұрап, бір тұрғын әйеліне мемлекеттік грантпен 505 мың теңге алуға өтініш жасады.
Әбдіхалық Әбдірайымұлы атты тұрғын айтыскерлер үйірмесі ашылса және Майлықожа ақынның 185 жылдығы тойланса деген ұсынысын айтса, Бадам ауылы округінің тұрғындары «Болашақ» мектебіндегі дау-дамайдың түйінін шешуді өтінді. Жергілікті халықтың арыз-шағымдары мен ұсыныс-тілектерін тыңдаған аудан басшысы Әліпбек Шәріпбекұлы заңға сәйкес шешілу жолдарын түсіндірді. Ауыл округі әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді.