Түркістан облысында заңсыз салынған 67 нысан бұзылды

Олардың қатарында бюджеттік, әлеуметтік, жеке тұрғын үй және кәсіпкерлік нысандар бар. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Тұрысбеков мәлім етті.
2018 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған басқарма басшысының орынбасары заңдарда белгіленген нормалар мен талаптарды бұза отырып салынған нысандарда анықталған кемшіліктерге тоқталды. Оның сөзінше, 430 нысан тексеріліп, кемшіліктерге жол берілгені үшін заң аясында тиісті шаралар қолданылған.
«Әкімшілік құқықбұзушылық жөнінде 724, бюджеттік нысандар бойынша 162, жеке нысандар бойынша 562 хаттама толтырылған. Олардың барлығы дерлік сотқа жолданды. Жалпы басқарма тарапынан салынған әкімшілік айыппұл сомасы - 106 млн 695 мың теңгеге жеткен. Оның 99 млн 167 мың теңгесі өндірілген. Айыппұл мөлшері өткен жылмен салыстырғанда біршама азайды», - деді Мұхит Тұрысбеков.
Сондай-ақ, ол өткен жылы облыста заңсыз салынған 67 нысан бұзылғанын атап өтті. Мәселен, Төлеби ауданындағы Әл-Фараби орта мектебінде оқу блогы, спорт залы, асхана, шеберхана және кітапхана нысаны құрылыс саласындағы талаптарды сақтамай салынған. Сапасыз құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізгені үшін «Югин Строй LTD» ЖШС-не 240500 теңге айыппұл салынып, өндірілді. Сондай-ақ, тиісті талаптарды сақтамаған Арыс қаласы, «Көктем-2» тұрғын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық қадағалаушы аттестаты 6 айға тоқтатылды. Одан бөлек, Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінде екі қабатты коммуналдық тұрғын үйінің сапасыз құрылысы үшін бас мердігер мекеме «СтройЖолСервисKZ» ЖШС-не әкімшілік шара қолданылып, 240 500 теңге айыппұл салынған. Ал, Түркістан қаласында 43 нысан бұзылды.