Түркістан облысындағы өнеркәсіп өнімнің көлемі 453,8 млрд теңгені құрады

Арман Сәбитовтың сөзінше, облыс бойынша бюджеттің жалпы көлемі 562,1 млрд теңге болған. Оның ішінде даму бюджеті - 80,8 млрд теңге болса, ал, жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа түсімдердің көлемі - 100,9 млрд теңгеге жеткен.
«Өңірдегі өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі - 236,9 млрд теңгені құрап, өсім - 100,7 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі - 544,3 млрд теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Атап айтқанда, мал шаруашылығында ет өндірісі - 4,8 %, сүт - 2,8 %, жұмыртқа - 8,1 пайызға артты», - деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Басқарма басшысы сондай-ақ өңірге 288,1 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім көрсеткіші - 101,2 % болғанын атап өтті. Бұдан өзге, құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі - 139,1 млрд теңге болған. Ал, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы - 387,8 мың шаршы метрге жетіп, 2017 жылға қарағанда 21,7 пайызға артқаны байқалады. Тиісінше, бұл салада облыстың Республикадағы үлесі 3,1 пайызға жетіп, 3-орынды иеленіп отыр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облыстың республикалық бюджетке тәуелділігін төмендету мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы бюджеттің жалпы көлемінде өзіндік кірістердің үлесі 17,1 пайызға артып, 7 млрд теңгеге өскен. Бюджеттің шығыстар бөлігінде ағымдағы шығындар 467,7 млрд теңгені құраса, ал даму бюджетінің шығындары 94 млрд теңгеге жетіп отыр. Бюджет көлемінде әлеуметтік салаға бағытталған шығыстар 341,2 млрд теңгені құрап, үлесі - 60,7 пайыз болған.