Түркістанда 500 азамат медициналық тексеруден өтті

«Тәуелсіз Қазақстан» пойызымен жеткен мамандар науқастарды тексеріп қана қоймай, дерттен айығу жолдарын да түсіндіріп берді. Ергешбай ақсақалдың жасы 60-қа таяған. Ел ағасының аяқ-қолы сау болғанымен, жұмысқа жарамсыз. Қан қысымы жоғары. Арнайы тіркеуде тұратын азамат үнемі дәрігерлер қадағалауында. Соңғы уақытта ішкі құрылысының сыр бергені жанына батады. Сондықтан да білікті мамандар қабылдауына арнайы келді. Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта Қазақстан азаматтарының дені асқазан жарасы дертіне шалдыққан. Қан қысымының жоғары болуы да көп қиындық туғызуда. Мұның алдын алуда бүгінгідей шаралардың шарапаты мол.
Мамандар екшегендей, Түркістанда бүлдіршіндер арасында сал аурына шалдыққандар көп. Мектеп жасына жетпей-ақ, көз жанары байланғандар басым. Сондықтан да жергілікті дәрігерлер осы науқастардың айығып кетуі жолында күш салуы керек. Бұл - білікті мамандар пікірі. Айта кету керек, денсаулыққа салғырт қарауға болмайды. Әсіресе ауыл-аймақтағы ағайын дәрігерге тексерілмей, науқасына шыдап жүре береді. Кейін дерт әбден асқынғанда кеш болатынын ескере бермейді.