Түркістанда «Паровоз» ескерткіші орнатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркістан қаласында тарихы ғасырдан асатын үлкен ұжым бар. Ол - Мақсұт Искендиров басқаратын «Түркістан локомотив пайдалану депосы». Өңірде соңғы жылдары игі істерімен көзге түсіп жүрген ұжым орналасқан аула бүгінде талай жолаушының тағдырын ішіне бүккен көне локомотивтердің мекеніне айналған.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Атап айтсақ, 1904 жылы жолға шыққан паровоз бүгін ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан теміржолшылардың қара шаңырағына аялдап, осындағы тарихи техникалардың санын арттырды.
Нақтысы, қала әкімдігінің бастамасымен және Түркістан бекеті тораптық ұжымдары қызметкерлері мен жұмысшыларының қолдауы арқасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, «Паровоз» ескерткіші орнатылды.
Қала әкімі Ә.Өсербаев, қалалық мәслихат хатшысы Ғ.Сәрсенбаев және осы саланың ардагерлері игі шараға қатысып, теміржолшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Және де ескерткіштің лентасын қиып, игі бастамаға ыстық ықыластарын жеткізді.
Түркістан - V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған шаһар. Есім ханнан бастау алып, XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. ХІV ғасырда Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бар. Бұл қалада Қожа Ахмет Ясауи өзінің уағызшылық қызметін жүргізген. Кесене аумағында Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр тағы басқалар жерленген Қаланың іргетасы біздің заманымыздың 1-мыңжылдыктың бас кезінде каланған. Археологтар Түркістан қаласының тарихы тереңде жатқанын дәлелдеп отыр. Түркістан қаласының айналасындағы аймақта тас дәуірі ескерткіштері - Шоқтас, Қошқорған бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.