Түркістанда Тұңғыш Президент көрмесі ашылды
Жәдігерлер ұлт көшбасшысының қызметі арқылы еліміздің сыртқы саясатындағы азиялық бағыттың кең көрінісін тамашалауға мүмкіндік береді. Көрменің негізгі мазмұнын Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарының жылнамасын қалыптастыратын құжаттар мен фотосуреттер ашады.
Көрмеге Елбасының жеке мұрағаты мен кітапханасынан алынған фотосуреттер, құнды құжаттары, естелік заттар - барлығы 133 жәдігер қойылған. Сондай-ақ көпшілік назарына Қытай, Жапония, Үндістан, Түркия, Азия-Тынық мұхит аймағы елдерінің басшылары Елбасына сыйға тартқан күміс және сәндік бұйымдары, қолдан тоқылған кілемдер мен өнер туындылары, кітаптары ұсынылды, деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінен.
Аталмыш көрменің ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев мұндай мәнді шаралардың жастарға берері мол екенін айтып, олардың осы көрме арқылы тәуелсіздік жылдарындағы тарихымызды біле алатындығына тоқталды.
«Осы көрмені ұйымдастырамыз деген күннен бастап, облыс, қала әкімдіктерінің қолдауын сезіндік. Бірлескен іс-шара болды. Сондықтан облыс қала әкімдіктеріне үлкен рахмет», - деп ризашылығын білдірді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейі директорының орынбасары К.Ақтаева.
Айта кетейік, оңтүстік өңірінің тұрғындары көрмені Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесінің қорық мұражайындағы Ақсарай бөлмесінен мамырдың 20-ына дейін тамашалай алады.