Түркiстандық бағбан жаңа технологиялар арқылы жылына екі рет өнiм алып отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркiстанда жаңа технологиялар арқылы бүгiнде бау-бақшасын жайқалтып отырған азаматтар аз емес. Әрине, бұл жұмысты жолға қою үшiн алғашқы кезекте қаржы керек.
Бұл ретте Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы аясында грант алып, тығырықтан шығып, шаруасын жолға қойған кәсiпкерлер аз емес. Түркiстан қаласына қарасты Оранғай ауылына жасалған арнайы баспасөз турында бiз осындай игi iстердiң бiрiнiң куәсi болдық, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі басылымда.
Бұл жерде «Биоген» қоғамдық қорының «Климаттың құрғақшылығы жағдайларында су үнемдеу технологияларын iлгерiлету мақсатындағы шаруа қожалықтары кооперациясының оң тәжiрибесiн көрсету» жобасы жүзеге асырылуда. Аталған ауылда 0,78 гектар жерге тамшылатып және жаңбырлатып суаруды пайдалана отырып, қызанақ пен бұрыштан мол өнiм алынуда.
- Жылына екi мәрте өнiм аламыз. Осы жоба аясында грант жеңiп алдық. Сiздер қазiр алғашқы өнiм бiтуге таяғанда келдiңiздер. Ендi көп ұзамай келесi маусымға дайындық жасаймыз. Бақша өнiмдерiн өсiру үшiн гранттар бөлiнiп тұрса, шаруалар жұмыстарын еселей түсер едi, - дейдi кәсiпкер С.Мақашев.
Парниктерде қызанақ пен бұрыштың түрлi сорттары өсiрiледi. Олардың денi өзге қалаларға жөнелтiлуде. Бастысы, экологиялық тазалықты темiрқазық етiп ұстаған кәсiпкер алдағы уақытта да осындай табиғи таза өнiмдердiң дәмiн елiмiздiң өзге аймақтарына көбiрек татырсам деген ниетте екенiн де жеткiздi.
Әбдiрахман ҚЫДЫРБЕК. Түркiстан қаласы.