Түркия 2026–2035 жылдар аралығын «Отбасы және демография онжылдығы» деп жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 2026–2035 жылдар аралығын «Отбасы және демография онжылдығы» деп жариялағанын мәлімдеді. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

Түркия 2026–2035 жылдар аралығын «Отбасы және демография онжылдығы» деп жариялады
Фото: Анадолы

Стамбулда өткен «2026–2035 жылдарға арналған отбасы және демография онжылдығының тұжырымдамасы» атты іс-шарада сөз сөйлеген мемлекет басшысы отбасы институтының әлсіреуі қоғамның әлсіреуіне әкелетінін атап өтті. Оның айтуынша, «мықты отбасы — мықты адамды, ал мықты адам — мықты қоғамды қалыптастырады».

Ердоған елде некеге тұру жасының ұлғайып, ажырасу санының артуы туу көрсеткішінің төмендеуіне әсер етіп отырғанын айтты. 2017 жылдан бері Түркияда туу деңгейі халықтың ұдайы өсу шегінен (2,1) төмен түскен. Сондай-ақ 11,1% құрайтын қарттар үлесі өсіп келе жатқаны, ал кейбір ауылдық жерлерде қарттардың саны балалардан асып кеткені атап өтілді.

Соған қарамастан, Түркия Еуропалық Одақ елдерінен шамамен 10 жасқа «жас» мемлекет екенін айтқан президент, үкімет демографиялық тәуекелдерді азайту үшін қазірден бастап шаралар қабылдап жатқанын жеткізді.

Оның айтуынша, 2026–2035 жылдарға арналған негізгі бес стратегиялық бағыт айқындалған: отбасы институтын және болашақ ұрпақты қорғау, некені нығайту, туу деңгейін арттыру, жастардың сапалы білім алуы мен қарттардың әл-ауқатын қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл аймақтарды дамыту және халықты теңгерімді орналастыру.

Сонымен қатар, мамыр айының соңғы аптасы жыл сайын «Ұлттық отбасы апталығы» ретінде аталып өтетіні де хабарланды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркияда шетелдіктердің тұрақты тұруына берілетін рұқсат құны қымбаттағанын жаздық.