Түркия әлеуметтік желілердегі қылмысқа қарсы бақылауды күшейтеді

АСТАНА. KAZINFORM- Түркия билігі әлеуметтік желілердегі қылмыстық әрекеттер мен жалған ақпараттың таралуына қарсы күресті күшейтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Турция ограничит доступ к соцсетям для детей младше 15 лет
Фото: haberler.com

Түркияның Әділет министрі Акын Гюрлек әлеуметтік желілер жазасыз заңсыз әрекет жасауға мүмкіндік беретін кеңістікке айналмауы керектігін мәлімдеді.

Оның айтуынша, құқық қорғау органдары заңсыз табыс көздерін жасыруға және қылмыстық жолмен қаржыландырылатын өмір салтын көрсетуге байланысты жарияланымдарды тексеріп жатыр.

Бұл мәлімдеме сән-салтанаты көз тартатын үйлену тойының видеосын жариялап, жұрт назарын аударған ер адамның ұсталуынан кейін жасалды. Тергеу барысында оның ақша жылыстатуға қатысы бары анықталған.

Daily Sabah басылымының жазуынша, Түркия билігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатын ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті де күшейтіп жатыр. Кәмелетке толмағандарды тез ақша табуға уәде беріп, қылмыстық әрекетке тартатын топтарға ерекше назар аударылады. Биыл шілдеде бүкіл ел бойынша жүргізілген операция барысында ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін насихаттайтын аккаунттарға қатысы бар 216 күдікті ұсталды.

Сонымен қатар соңғы екі айда Түркияда лаңкестік үгіт-насихат, жалған ақпарат және арандатушылық сипаттағы контент таратқан 2034 аккаунтқа қолжетімділік шектелді.

Түркияның вице-президенті Джевдет Йылмаз өз кезегінде интернеттегі заңсыз бәс тігу мен құмар ойындарға байланысты қауіп-қатердің артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, цифрлық платформалар мен жаңа төлем тәсілдерінің дамуы мұндай қызметтің тезірек таралуына, аудиториясының кеңеюіне және трансшекаралық сипат алуына мүмкіндік береді.

Осыған байланысты мұндай қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл құқық қорғау органдарының, қаржы құрылымдарының, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің, сондай-ақ коммуникация саласындағы мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын талап етеді.

Бұған дейін Түркияда мектептерге оқушылардың суретін интернетте жариялауға тыйым салынғаны туралы жаздық.