Түркия Астана ЭКСПО-2017 көрмесіндегі павильонын таныстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Түркия Республикасы Астана ЭКСПО-2017 көрмесіндегі өз павильонын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркия Астана ЭКСПО-2017 көрмесіндегі павильонын таныстырды

Түркия Республикасының Экономика вице-министрі және Астана ЭКСПО-2017 көрмесіндегі Түркия комиссары Тарык Сөнмез Түркияның аталған көрмеге қатысатындығы туралы келісімге 2016 жылғы 5 тамызда қол қойғандығын еске салып өтті.

«Әрине, дайындық жұмыстары мұнан ерте қолға алынды. Болашақ энергиясы тақырыбындағы көрмеде еліміздің тұжырымдамасы қандай болмақ деген сауалға жауап іздеп, дайындық жұмыстарын бастадық. Сөйтіп жаһандық ынтымақтастық пен бірліктің  маңызын ескеріп Түркияның жаһандық ықпалдастықтағы орнына назар аудартатын  тақырыпты таңдадық. Біздің тақырыптық тұжырымымызды «Тұрақты энергетика жолындағы ғаламдық өзара әрекеттестік» деп таңдап алдық», - деді ол.

Келесі кезекте сөз алған Түркия Республикасы Экономика министрінің орынбасары Фатих Метин осы уақытқа дейін Түркия ЕХРО көрмелеріне 34 рет қатысқанын, өткен жылы World Botanic EXPO-2016 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізгендігін айтты. 4 айға созылған көрмеге 4,5 млн адам келгендігін атады.

«2015 жылы Миланда өткен ЭКСПО көрмесіне қатысқан болатынбыз. Сол кезде біздің павильонымызды 5 миллион адам келіп көрген еді. Қазақстандағы көрме барысында да адамдар өте көп келген павильондардың бірі болғымыз келеді. Өйткені сіздің елдеріңіз санаулы күндерден кейін басталатын көрмеге дайындық жұмыстарын өте жоғары деңгейде өткізді», - деді Фатих Метин.

Айта кетерлігі, Түркия павильонының жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайды.