Түркия азаматының басқаруымен Ақтау портынан 20 млрд.-тан астам теңгенің металл сынықтары шығарылды - Қаржы полициясы

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысы бойынша қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері

Түркия азаматының басқаруымен Ақтау портынан 20 млрд.-тан астам теңгенің металл сынықтары шығарылды - Қаржы полициясы

Түркия азаматы Оджал Хусейн басқарған және құрамында еліміздің бірқатар азаматы бар Ақтау теңіз порты арқылы бірнеше жыл қара металдардың сынығы мен қалдықтарын аса ірі мөлшерде экономикалық контрабанда жасаумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Бұл туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 желтқсандағы «Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық қызметінің Кедендік тарифі және Тауарлық номенклатурасы туралы» қаулысына сәйкес экспортқа шығарылатын қара металдардың сынығы мен қалдықтарының 1 тоннасы үшін 20 евродан аз емес кедендік алымдар алынады. Сонымен бірге Еуропалық одаққа мүше елдердің аумағына экспортталатын аталған тауарлар үшін алымдар салынбайды. 

Осыны білетін «Актау Экспорт Металл» ЖШС құрылтайшысы Оджал Х. және бұл кәсіпорынның директоры Липчанский А. «Морпорт» кедендік бекеті арқылы, сондай-ақ иесі Ж.Абылғазин болып табылатын «AktauTransPort» ЖШС брокерлік фирмасының және «ТransEnergyServis» ЖШС эспедиторлік компанияларының көмегімен жалған кедендік және қосарлама құжаттарын пайдаланып Түркияға қара металдардың сынығы мен қалдықтарын заңсыз шығарып отырған. Ол құжаттарда тауарды алушылар ретінде Британдық-Виргин аралдарында тіркелген «SAGA CARGO LLP» немесе «EUROSCRAP FOREIGN TRADE LTD» компаниялары, ал түсіру жері ретінде Грециядағы «Перей» порты көрсетілген.

Шын мәнінде жүк жалған құжаттар бойынша Түркиядағы «Кроман» портында түсірілген.

Алдын-ала санау бойынша 2008-2012 жылдар аралығында Актау Экспорт Металл» ЖШС Түркияға контрабандалық жолмен құны 20 млрд.теңгеден астам 576 мың тонна металл сынығы шығарылған.

Оған қоса «Актау Экспорт Металл» ЖШС-не 2010-2012 жылдар аралығында бюджеттен 127 млн.теңге қосымша құн салығы заңсыз кері қайтарылған.

«Улуз Бриз» кемесін, айыпталушылардың кеңселері мен тұрғын жайларын тінту барысында бір жүктің екі бағытқа, яғни, Түркиядағы Кроман порты мен Грециядағы Перей портына шығару туралы бірдей құжаттар, Грециядағы аталған порттың мөрі және т.б. табылды.

Ағымдағы жылғы 12 қарашада «Актау Экспорт Металл» ЖШС құрылтайшысы Оджалға, аталған фирманың директоры Липчанскийге, «ТransEnergyServis» және «AktauTransPort» ЖШС-рінің иесі Абылғазинге және «AktauTransPort» ЖШС директоры Салиховқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында экономикалық контрабанда жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Осы күні аталған тұлғалар ұсталып, Ақтау қаласы ІІБ уақытша қстау изоляторына қамалды.

16 қарашада Оджал, Липчанский және Абылғазин сот санкциясымен қамауға, ал Салихов үй қамауына алынды.

Бүгінгі күні ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге де қатысушылары анықталуда.

Оған қоса қылмыстық істі тергеу барысында Маңғыстау облысының құқыққорғау органдары лауазымды тұлғаларының аталған тұлғалар тобының қылмыстық қызметіне қамқоршылық жасау фактілерге қатыстылғы тексерілуде.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.