Түркия Booking және өзге де шетелдік брондау платформаларына қойылатын талаптарды өзгертпек
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия билігі тұрғын үйді брондауға арналған шетелдік онлайн-платформаларға қатысты жаңа талаптар әзірлеп жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.
Түркияда тұрғын үйді брондау және туристік қызметтер ұсынатын шетелдік цифрлық платформалардың қызметін реттейтін заң жобасы дайындалуда. Құжат күшіне енгеннен кейін белгіленген талаптарды орындаған компаниялар Түркия нарығында қайтадан жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Олардың қатарында шамамен тоғыз жыл бұрын елдегі қызметін тоқтатқан Booking.com платформасы да болуы ықтимал.
Заң жобасына сәйкес, шетелдік платформалар Түркияда ресми өкілдігін ашып, қызмет көрсетуге рұқсат алуға міндеттеледі. Бұл рұқсатты әр екі жыл сайын жаңартып отыру қажет болады. Оны ұзарту құны 5 миллион түрік лирасын (105 мың АҚШ долларынан астам) құрайды.
Сонымен қатар компаниялар цифрлық қызметтерге салынатын салықты төлеп, жылдық айналымының 0,05 пайызын Түркияның Туризмді ілгерілету және дамыту агенттігіне (TGA) аударып отыруы тиіс.
Құжатта нарықтағы бәсекелестікті бақылауды күшейту де қарастырылған. Платформалар пайдаланатын алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, нарықта үстем жағдайға әкелуі мүмкін тәжірибелерден бас тартуға міндеттеледі. Сонымен қатар қонақүйлер өз қызметтерін басқа да сату арналары арқылы қатар ұсына алады.
Заң жобасы шетелдік платформалардың комиссия мөлшеріне де шектеу енгізеді. Олар Түркия аумағындағы сатылымдардан 17 пайыздан артық комиссия ала алмайды.
Сондай-ақ мұндай платформаларға турпакеттерді сатуға тыйым салынады. Олар тек қонақүйді брондау, әуе билеттерін рәсімдеу және трансфер қызметтерін ғана ұсына алады.
Заң жобасы жақын арада Түркия парламентінің қарауына енгізіледі деп күтіліп отыр.
Бұған дейін Түркияда қонақүйлерге келушілерді тіркеу тәртібіне қойылатын жаңа талаптардың ресми түрде күшіне енгені хабарланған болатын.
Айта кетейік, Түркияда туризм саласының табысы төмендеді.