Түркия кедені төрт айда 750 млн долларлық контрабанданың жолын кесті
АСТАНА. KAZINFORM – Түркияда кеден қызметі биылғы төрт айда 750 млн долларлық контрабанданың жолын кесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркияның Сауда министрлігі кеден бөлімшелері заманауи технологиялар мен жетілдірілген талдау әдістерін қолдана отырып, контрабандаға қарсы ауқымды күресті жалғастырып жатқанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, биылғы жылдың алғашқы төрт айында кеден қызметкерлері 2 264 операция жүргізіп, нәтижесінде құны 750 млн доллардан асатын контрабандалық тауарлар мен есірткі заттарын тәркілеген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106 пайызға артқан.
Операциялар барысында 9,2 тонна есірткі, 1,5 млн-нан астам машина бөлшектері, 862 мың электротехникалық және электрондық өнім, сондай-ақ 459 мыңнан астам медициналық бұйым тәркіленді.
Министрлік мәліметінше, тек сәуір айының өзінде 572 операция жүргізіліп, алдын алынған контрабанда көлемі шамамен 275 млн долларды құраған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 216 пайызға көп.
Бір ай ішінде кеден қызметі 1,9 тонна есірткі, 111 мыңнан астам медициналық тауар, 315 тонна жанармай, 208 көлік құралы және басқа да заңсыз әкелінген заттарды тәркілеген.
Еске сала кетсек, бұған дейін Түркиядағы есірткіге қарсы операция кезінде жүздеген күдікті ұсталғанын жаздық.