Түркия қонақүйлердің жаппай жабылуы туралы қауесетті жоққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы күндері түрік және халықаралық БАҚ-та Түркия аумағындағы 4 мыңнан астам қонақүйдің жаппай жабылғаны туралы алаңдатарлық хабарлар тарады, деп жазады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Алайда бұл туристер арасында алаңдаушылық тудырған жаңалықты елдің туризм саласының өкілдері тез арада жоққа шығарды.
Ірі туристік холдингтердің бірінің басшысы Орхан Санджардың айтуынша, мұнда кенеттен болған жабылулар емес, кейбір қонақүйлердің жұмысындағы техникалық және әкімшілік кемшіліктерді жоюға арналған стандартты процедура туралы сөз болып отыр. Ол Түркия Туризм министрлігі заң талаптарына сай келу үшін нысандарға уақыт беріп отырғанын атап өтті.
Бұл қауесеттерге себеп болған — адвокат Абиде Саралу айтқан мәлімдеме. Ол 4 мың қонақүйдің туристік нысан сертификаты болмағаны үшін мөрленгенін айтқан. Оның сөзінше, 2021 жылдан бастап қонақүйлер жергілікті биліктің рұқсатымен уақытша жұмыс істей алатын болған, бірақ жарты жылдың ішінде ресми сертификат алуға міндетті еді. Көптеген қонақүйлер бұл талапты уақытында орындамаған.
Алайда Орхан Санджар бұл тек уақытша шаралар екенін, отельдерде анықталған кемшіліктер жойылып жатқанын және туристік агенттіктерге алдын ала броньдардың жойылуы туралы ескерту берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, 4 мың деген сан — қазір заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүріп жатқан нысандардың жалпы саны.
Сонымен қатар, ол туристерге жолға шығар алдында өз отелінің статусын тексеріп, броньды растауға кеңес берді.
— Саланың жағдайында ешқандай дағдарыс жоқ, қонақтар тұратын орынсыз қалмайды. Бірақ тыныштық үшін алдын ала броньды растаған дұрыс, — деді Санджар.
Түрік билігі мен қонақжайлылық индустриясының өкілдері туристерді дүрлікпеуге, тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.
Бұған дейін Түркияда «Сұлтан Сүлеймен» 1 жыл 10 айға шартты түрде сотталғанын жаздық.
Түркияда 24 млн адам баспана жалдап тұруға мәжбүр.