Түркия мен Қырғызстанға жүк тасымалдау бланктері электронды форматқа ауыстырылады
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысында Қазақстан e-CMR конвенциясына қосылатынын айтты.
— Автокөлік арқылы жүк тасымалдау көлемі 288 млн тонна болып, былтырғыдан 1,7 пайыз өсті. Автоматтандырылған өлшеу станциялары бюджетке түсетін салым деңгейін 10 есеге арттырды. Автокөлікпен жүк тасымалдау 42 елмен жүзеге асырылады. Былтыр Қытай және Өзбекстан елдерімен қағаз түріндегі шетелдік рұқсат бланктері электрондық форматқа ауыстырылды. Бүгінде Әзербайжан жүйесімен интеграциялау бойынша техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы кезеңде Түркия және Қырғызстан елдерімен тиісті жұмыстарды жүзеге асыру жоспарланған, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Ведомство басшысы Қазақстан автокөлікпен жүк тасымалдауда бәсекеге қабілетті болу үшін ілеспе құжаттарды цифрландыра беретінін айтты.
— Ел ішінде тасымалдауға қатысты жүйе енгізілді. Оның заңнамалық талаптары келесі жылдан бастап күшіне енеді. Халықаралық тасымалдауда e-CMR (халықаралық электронды тауар-көлік жүк құжаттарын) қолдану үшін Халықаралық конвенцияға қосылу мәселесі пысықталып жатыр. Одан кейін көрші елдермен Ұлттық шлюз арқылы интеграциялық жұмыстар бастауды жоспарланған, — деді министр.
Бұған дейін 2026 жылы елімізде пилотсыз такси қызметі іске қосылатынын жазған едік.