Түркия мен Мысырдың қорғаныс саласындағы әріптестігіне Грекия алаңдай бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия мен Мысырдың қорғаныс саласындағы соңғы уақыттағы жақындай түсуі Грекияда алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл туралы гректің Kathimerini газеті жазды, деп хабарлайды Анадолу.
«Түркия мен Мысыр қорғаныс саласында жақындасып келеді» атты мақалада 13 шілдеде Түркия Президенті Әкімшілігінің Қорғаныс өнеркәсібі басқармасының басшысы Халук Гөргүннің Мысырдың қорғаныс және әскери өндіріс министрі, генерал-лейтенант Эшреф Салим Захирмен кездескені айтылған.
Басылымның хабарлауынша, кездесу барысында екі ел қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындайтын ниет туралы хатқа қол қойған.
Сондай-ақ мақалада Эшреф Захирдің Түркиядағы қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарымен кездесулеріне назар аударылып, Мысырдың түрік қорғаныс өнеркәсібінің ең көп экспортталатын өнімдерінің бірі саналатын ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіретін өңірлік орталыққа айналуға ұмтылып отырғаны атап өтілген.
Басылым авторларының пікірінше, Түркия мен Мысыр әуе, теңіз және құрлық әскерлерінің бірлескен оқу-жаттығуларын өткізіп келеді. Сонымен қатар Мысырда Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістанның қатысуымен өткен төртжақты кездесудің маңызы ерекше болғаны айтылған.
Мақалада осы кездесуде Түркия мен Мысыр Ливия мәселесіне қатысты көптеген бағыт бойынша ортақ ұстанымға келгені көрсетілген.
– Түркия мен Мысырдың жақындасуы әзірге Грекияның мүдделеріне тікелей қауіп төндірмейді. Дегенмен бұл өңірдегі геосаяси тепе-теңдіктің өзгеруіне байланысты алаңдаушылықты күшейтетін фактор болып отыр, – деп жазады Kathimerini газеті.
Айта кетейік, бұған дейін Франция мен Италия қорғаныс саласындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып жатқанын жаздық.
Сондай-ақ Жапония қару экспорты саясатын өзгертіп, Филиппинге бет бұрды.
Ал Еуроодақ 600 000 қызметкерін қорғаныс бағытында қайта даярлауды жоспарлап отырғанын жаздық.