Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркия Нетаньяхуға халықаралық іздеу жариялауды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты геноцид ісі бойынша Интерполдан «қызыл хабарлама» шығаруды сұрады. Бұл туралы Анкарадағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Түркия Нетаньяхуға халықаралық іздеу жариялауды талап етті
Фото: gazeteoksijen.com

Түркияның Әділет министрі Акин Гюрлек ведомство Ішкі істер министрлігіне Нетаньяху мен Израиль әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы, израильдік әскери қайраткер Афек Московичті халықаралық іздеуге жариялау туралы өтініш жолдағанын мәлімдеді. Бұл өтініш 2026 жылғы 14 шілдеде Стамбұлдың №11 ауыр қылмыстар жөніндегі соты шығарған қамауға алу ордерлеріне негізделген.

Министрдің айтуынша, №2026/108 ісі бойынша барлығы 35 адам айыпталушы ретінде өтіп жатыр. Оларға Газаға гуманитарлық көмек жеткізу үшін жолға шыққан «Ғаламдық Сумуд флотилиясының» белсенділеріне жасалған шабуылға байланысты қылмыстық қудалау жүргізіліп жатыр.

Гюрлектің мәлімдеуінше, Нетаньяху мен Московичке адамзатқа қарсы қылмыстар, геноцид, заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, азаптау, мүлікті бүлдіру, тонау және көлік құралдарын басып алу сияқты бірқатар қылмыс бойынша айып тағылып отыр.

Тиісті сұрауға қатысты құжаттар Түркияның Сыртқы істер министрлігіне жолданды. Гюрлек Анкара Газа секторында қылмыс жасады деп есептелетін тұлғаларды жауапқа тарту үшін ұлттық және халықаралық құқықтың барлық мүмкіндігін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Израильдің Түркия шекарасына жақын орналасқан Сириядағы аэродромға соққы жасауы аймақтағы шиеленісті күшейткені туралы жазған болатынбыз.

Артынша Сирия Израильдің Идлибтегі әскери әуежайға жасаған шабуылын айыптады.