Түркия Орталық банкінің резервтері 141 млрд долларға дейін төмендеді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия Орталық банкі (ТОБ) жаңартылған ақша-кредит және банк статистикасын жариялады. Агенттік тілшісінің хабарлауынша, бұл мәліметтер елдің валюта және алтын-валюта резервтерінің едәуір азайғанын көрсетіп отыр.

Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылғы 25 сәуірде аяқталған аптада ТОБ-тың жалпы валюта резервтері 5 млрд долларға қысқарып, 64 млрд доллардан 59 млрд долларға дейін азайған. Бұл – биылғы ең ірі апталық төмендеулердің бірі.
Алтын-валюта резервтері де кеміген. Бір апта ішінде бұл көрсеткіш 452 млн долларға азайып, 82 млрд 252 млн доллардан 81 млрд 800 млн долларға дейін қысқарды.
Осылайша, 2025 жылғы 25 сәуірдегі жағдай бойынша Түркия Орталық банкінің жиынтық халықаралық резервтері 141 млрд 50 млн долларды құрады.
Сарапшылардың бағалауынша, резервтердің азаюы Түрік лирасының айырбас бағамын тұрақтандыру үшін жасалып жатқан интервенциялармен немесе шетел валютасындағы өзге де қаржылық міндеттемелермен байланысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар, Түркияның қаржы министрі Мехмет Шимшек елдің ағымдағы шотының сальдосы алтын импорты есепке алынбаған жағдайда оң нәтиже көрсетіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, алтынды есептеулерге қосу орынды емес.
— Егер алтынды есепке алмасақ, тапшылық жойылады. Бізде 2 млрд доллар көлемінде профицит бар. Алтын өндірісте пайдаланылмайды, тағамдық құны жоқ, ішілетін сусын ретінде де тұтынылмайды. Сондықтан ол ағымдағы шот тапшылығын анықтайтын фактор ретінде қарастырылмауы тиіс, — деді Шимшек.
Бұған дейін Түркия мен Ливия өзара сауда көлемін жылына $10 млрд дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын жазған едік.