Түркия сириялық дипломаттар үшін визасыз режим енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия дипломатиялық төлқұжаттары бар сириялық азаматтар үшін визасыз режим енгізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның тиісті шешімі елдің ресми газетінде жарияланды.
Визасыз режим кез келген 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейінгі туристік сапарларға, сондай-ақ Түркия арқылы транзиттік сапарларға қолданылады.
Ердоған бұл шешімге 27 тамызда қол қойды. Ол «Шетелдіктер және халықаралық қорғау туралы» №6458 Заңның 18-бабына негізделген.
Осылайша, Сирияның дипломатиялық төлқұжаттарының иелері Түркияға қысқа мерзімді туристік сапарлар мен транзит үшін визасыз кіре алады.
Осыған дейін Түркия мен Сирия Дамаскіде бірлескен университет ашуға келіскенін хабарладық.